Павлодарда сотталғандар PlayStation ойнап, әлеуметтік желілерді пайдаланған

Павлодардағы колониялардың бірінде прокурорлар 15 смартфон, алты Wi-Fi роутер, PlayStation ойын консолі және сақтауға тыйым салынған өзге де техникаларды тапты. Осы факті бойынша салғырттық бабымен қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Не табылды?

Прокурорлар қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің бірін тексерген. Тексеру барысында 15 смартфон, алты Wi-Fi роутер, сымды және сымсыз құлаққаптар, USB кабельдер, флеш-жинақтағыштар мен Sony PlayStation ойын консолі анықталып, тәркіленді.

Бұл заттарды сотталғандарға сақтауға және пайдалануға тыйым салынған.

Кім жауап береді?

Прокуратура Қылмыстық кодекстің 371-бабы (салғырттық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тіркеді.

Қазір тергеу тыйым салынған заттардың режимдік нысанға қалай жеткізілгенін, қандай жолдармен кіргізілгенін және оған кімдердің қатысы барын анықтап жатыр.