Астанада әлеуметтік желі арқылы маркетплейстерде сауда жасауды үйретемін деп, кейін тұтынушыларын табысты бизнеске ақша салуға үгіттеген қала тұрғыны сотталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Прокуратураның мәліметінше, әйел алдымен оқуға келген адамдардың сеніміне кірген. Кейін оларға маркетплейс арқылы сатылатын тауарларды сатып алуға ақша салуды ұсынған.
Ол тұтынушыларына салған қаражатын саудадан түскен пайдасымен бірге қайтарып беруге уәде еткен. Алайда жиналған ақшаны өз қажетіне жұмсаған.
Салдарынан бес адам зардап шекті. Оларға келтірілген жалпы шығын 15,6 миллион теңге болды.
Сот астаналық әйелді алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп таныды. Бұрын да сотталғанын ескеріп, оған алты жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Сондай-ақ, сот жәбірленушілердің келтірілген шығынды өндіру туралы талап-арыздарын қанағаттандырды.