Киевке дрондармен шабуыл жасалды: қаланың бір бөлігі жарықсыз қалды

Ulysmedia.kz коллажы

Ресейдің энергетикалық нысандарға жасаған кезекті шабуылынан кейін Киев қаласы мен Киев облысының бір бөлігі жарықсыз қалды. Елорда мен оның маңындағы елді мекендерде электр энергиясы апатты жағдайда өшірілді. Қауіпсіздік жағдайы мүмкіндік берген бойда қалпына келтіру жұмыстары басталады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Оқиғаның мән-жайы

Украина Энергетика министрлігінің мәліметінше, Киевте, Оңтүстік Борщаговкада және Киев облысының Буча ауданында электр энергиясы апатты жағдайда ажыратылған.

Энергетика мамандары зақымданған инфрақұрылымды қалпына келтіруге дайындалып жатыр. Алайда электр қуатының қашан толық берілетіні әзірге белгісіз.

Министрлік қауіпсіздік мақсатында елдің энергетикалық жүйесінің жағдайы туралы ақпарат шектеулі түрде жарияланатынын мәлімдеді.

Қоғамдық көлік пен су жүйесінің жұмысы бұзылды

10 қазанда таңертең Киевке жанкешті дрондармен тағы да шабуыл жасалды.

Қала билігінің мәліметінше, Соломенский ауданында ұшқышсыз ұшу аппараттарының бірінің сынықтары 25 қабатты тұрғын үй мен сегіз қабатты кеңсе ғимаратына құлаған.

Шабуыл салдарынан метроның барлық желісінде пойыздар қозғалысы уақытша тоқтатылды. Эскалаторлар да жұмыс істемеді.

Сондай-ақ Голосеевский ауданында және Печерский, Соломенский, Шевченковский аудандарының кей бөліктерінде трамвайлар мен троллейбустардың қозғалысы тоқтатылды.

Бұдан бөлек, қалада ауызсу беру жүйесінің жұмысында да іркілістер болды.

Энергетикалық нысандар тағы да шабуылға ұшырады

Бір күн бұрын Ресейдің соққыларынан кейін Киевтің бір бөлігі мен Украинаның тағы жеті облысында электр жарығы өшкен еді. Елорда мен Киев облысының кей аудандарында да электр энергиясын апатты жағдайда ажыратуға тура келген.

Украина тарапының мәлімдеуінше, Ресей энергетикалық инфрақұрылымға ауқымды шабуылдарын жалғастырып жатыр. Украиналық биліктің айтуынша, шабуылдардың мақсаты – жылу электр орталықтарын, жылу және су электр станцияларын, қосалқы станциялар мен қазандықтарды, сондай-ақ басқа да энергетикалық нысандарды істен шығару.

Украина билігінің бағалауынша, Киев, Одесса және Харьков қалаларына әлі де қауіп төніп тұр. Бұл қалаларға жасалатын соққылар электр жарығының, жылудың және судың үзілуіне әкелуі мүмкін.

Еске салайық, бұған дейін Трамп пен Путиннің келіссөздерінен кейін Ресейдегі мұнай терминалында өрт шыққаны хабарланған.