Өзбекстанға көлік сатып алуға барған қазақстандық ірі көлемдегі ақшасынан айырылып қала жаздады. Ер адам Ташкент метросында 10 мың долларын байқамай түсіріп алған. Алайда құқық қорғау қызметкерлері жоғалған ақшаны тауып, иесіне түгел қайтарып берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Қазақстандық азамат Ташкентке автокөлік сатып алу үшін барған. Ол Сергелі ауданындағы көлік базарына метромен жетпек болған.
Вагоннан асығыс түсіп жатқанда сөмкесіндегі бір бума доллар түсіп қалған. Алайда ер адам мұны байқамаған.
Ақшасының жоғалғанын ол көлік базарына жеткенде ғана білген.
Осы уақытта метрополитенде кезекшілік атқарып жүрген ішкі істер органының қызметкері жоғалған ақшаны тауып алған.
Тәртіп сақшылары бейнебақылау камераларының жазбаларын қарап, бет-әлпетті тану жүйесінің көмегімен ақшаның кімге тиесілі екенін анықтаған.
Қажет тексерулер жүргізілгеннен кейін 10 мың доллар қазақстандық азаматқа түгел қайтарылды.
Ер адамның айтуынша, сол күні қатты асыққандықтан, сөмкесінен ақшаның түсіп қалғанын мүлде сезбеген.