Елдің бірқатар өңірінде тұман түсіп, жел күшейеді

Ulysmedia.kz коллажы

11 қазанда Қазақстанның басым бөлігінде ауа райына байланысты ескерту жарияланды. Елдің бірқатар өңірінде тұман түсіп, жел күшейеді. Сондай-ақ, өрт қаупі жоғары болады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

«Қазгидромет» мәліметінше, бірнеше облыста түнде және таңертең тұман түседі.

Қай өңірлерде тұман түседі?

Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Қарағанды, Ақмола, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Павлодар облыстарының жекелеген аудандарында, сондай-ақ Абай, Ұлытау облыстарында және Солтүстік Қазақстан облысының солтүстігінде тұман күтіледі.

Қарағанды, Өскемен, Семей, Петропавл, Орал және Павлодар қалаларында да тұман түсуі мүмкін.

Сонымен қатар Жамбыл облысының таулы аймақтарында тұман салдарынан жолдағы көріну қашықтығы төмендеуі ықтимал.

Желдің жылдамдығы секундына 20–22 метрге жетеді

Еліміздің бірнеше өңірінде жел күшейеді.

Ақмола облысында, соның ішінде Көкшетау қаласында күндіз оңтүстік-батыстан және оңтүстіктен соғатын желдің екпіні секундына 15–20 метрге жетеді.

Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Петропавл қаласында да жел осындай жылдамдықпен соғады деп болжанып отыр.

Түркістан мен Жамбыл облыстарында солтүстік-шығыстан соғатын желдің екпіні секундына 15–20 метрге дейін күшеюі мүмкін.

Ал ең қатты жел Жетісу облысында күтіледі. Күндіз Алакөл маңында желдің екпіні секундына 17–22 метрге жетуі ықтимал.

Өрт қаупі жоғары деңгейде сақталады

Құрғақ ауа райына байланысты еліміздің бірқатар өңірінде өрт қаупі жоғары және төтенше деңгейде сақталады.

Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Қостанай, Батыс Қазақстан, Жетісу және Ұлытау облыстарында тиісті ескертулер жарияланды.

Ал Атырау мен Жезқазған қалаларында өрт қаупінің төтенше деңгейі сақталады.