Астанада автобустарда жол жүру ақысы өзгерді

ЖИ/ Ulysmedia

Астанада қоғамдық көлікте жол жүру тарифтері бекітілді. Енді кәдімгі автобуста жол жүру құны – 150 теңге, ал экспресс автобуста 300 теңге болады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Қолма-қол төлегенде екі есе қымбат

Тиісті қаулыны Астана әкімдігі қабылдады. Жол жүру ақысы жолаушының қандай автобусқа мінетініне және төлемді қалай жасайтынына байланысты болады.

Қалалық кәдімгі бағыттарда мынадай тарифтер белгіленді:

  • көлік картасы немесе электронды төлем арқылы төлегенде – 150 теңге;

  • қолма-қол төлегенде – 300 теңге.

Экспресс автобустарда жол жүру құны қолма-қол ақшасыз төлем кезінде 300 теңге, ал қолма-қол төлегенде 400 теңге болады.

Қала маңына қатынайтын автобустарда жол жүру ақысы қашықтыққа қарай есептеледі. Әр шақырым үшін қолма-қол ақшасыз төлем кезінде 13 теңге, ал қолма-қол төлегенде 19 теңге белгіленген.

Төлем терминалы істемей қалса, не болады?

Қаулыда жолаушылар жиі кездесетін жағдай да ескерілген. Мәселен, жолаушы автобусқа мініп, жол ақысын төлемек болғанда электронды төлем жүйесі істемей қалуы мүмкін. Мұндай жағдайда көлік картасымен немесе басқа электронды тәсілмен төлем жасауды жоспарлаған жолаушы қоғамдық көлікте тегін жүруге құқылы болады. Сондай-ақ жеңілдікті көлік карталары бар жолаушылар үшін әлеуметтік маңызы бар бағыттарда тегін жүру мүмкіндігі сақталады.

Жаңа ережелер күнтізбелік он күн өткен соң күшіне енеді.