Трамп Путинмен салыстырғанда Зеленскиймен келіссөз жүргізу қиын екенін айтты

Press Service Of The President / Global Look Press

Дональд Трамп Владимир Зеленскийді "онша ұнатпайтынын" айтып, онымен келіссөз жүргізу Владимир Путинмен сөйлескеннен қиынырақ екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жайы

Newsmax телеарнасына берген сұхбатында АҚШ президенті Зеленский туралы былай деді:

«Зеленскиймен келіссөз жүргізу бізге оңай емес. Ол қақтығысты тоқтатқысы келмейді. Қалайтынын айтқанымен, шын мәнінде олай емес. Мен Зеленскийді ұната бермеймін».

Сондай-ақ Трамп соғыс өзінің президенттік мерзімі аяқталғанға дейін тоқтайды деп болжады.

– Бұл соғыс жақын арада аяқталуға тиіс. Меніңше, шын мәнінде олардың екеуі де (Ресей мен Украина президенттері – ред.) соғыстың аяқталғанын қалайды, – деді ол.