Қазақстанда 200-ден астам адам жәрдемақыдан бас тартты

Ulysmedia.kz коллажы

Қазақстанда тұрмысы жақсы азаматтар әлеуметтік төлемдерден өз еркімен бас тарта алатын сервис әзірленіп жатыр. Жаңа функцияны eGov Mobile қосымшасына енгізу жоспарланған. Бұл туралы премьер-министр Олжас Бектеновтің қатысуымен өткен кеңесте белгілі болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Толығырақ

Үкіметтің мәліметінше, SMS-хабарламалардан кейін 200-ден астам қазақстандық жәрдемақыға мұқтаж емес екенін айтып, төлемдерден бас тартқан. Енді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл рәсімді онлайн форматта жүзеге асыруды ұсынып отыр.

Бұл бастама әлеуметтік қолдау жүйесін реформалауға байланысты қолға алынған. Билік кейбір төлемдерді тағайындау кезінде отбасылардың материалдық жағдайын ескеруді көздейді.

Осы мақсатта 30-дан астам мемлекеттік ақпараттық жүйедегі мәліметтерді біріктіретін «Отбасының цифрлық картасы» қолданылады. Қазір онда 6,2 миллион үй шаруашылығындағы 20 миллионнан астам азамат туралы ақпарат бар.

Олжас Бектенов отбасының әл-ауқат деңгейін анықтайтын калькуляторды жетілдіруді тапсырды. Қажетті мәліметтер мемлекеттік дерекқорлардан автоматты түрде жүктеледі деп жоспарланып отыр.

– Біз әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін мұқтаждық пен атаулылық қағидатына көшіруге бағытталған ауқымды реформа жүргізіп жатырмыз. Бұл ретте өмірлік қиын жағдайға тап болған әрбір отбасы қажетті көмекті толық көлемде ала береді. Мұқтаж азаматтарға арналған мемлекеттік қолдау шаралары толығымен сақталады, – деді премьер-министр.