Талдықорғандық жас домбырашының несиесін бейтаныс меценат толық өтеп берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Толығырақ
Оқиға көшеде басталған. Жергілікті блогер Эмин Хаджиев домбыра ұстаған қызды байқап, оған бірнеше сұрақ қойып, күй тартып беруін өтінген. Ксения бірнеше жылдан бері музыкамен кәсіби түрде айналысып, түрлі байқауларға қатысып, жақсы нәтижелер көрсетіп жүр.
Блогермен әңгіме барысында қыз домбыраның бағасы миллион теңгеге жуық болғанын, анасы оны сатып алу үшін несие рәсімдегенін айтқан. Эмин бұл туралы видеоны әлеуметтік желіде жариялады.
Ксенияның әсерлі орындауы желі қолданушыларының көңілінен шықты. Олар жас домбырашының өнеріне тәнті болып, қызына зор қолдау көрсеткен анасына алғыс айтты. Көпшілік пікірлерде несиені жабуға ақша жинауды ұсынды.
– Видео жарияланғаннан кейін маған мүлде бейтаныс адамдар хабарласып, отбасының байланыс нөмірлерін сұрай бастады. Мен нөмірлерін бердім. Бүгін керемет жаңалық естідім: несие толық өтеліпті. Мұны нақты кім жасағанын әлі білмейміз. Қайырымдылық жасаған адам аты-жөнін жарияламауды жөн көрген, – деп келтіреді Эмин Хаджиевтің сөзін Halyqstan.
Ксенияның анасы бір кездері қызының арманы орындалуы үшін тәуекелге барып, қомақты несие рәсімдеген еді. Ал кездейсоқ түсірілген бір видео мен қазақстандықтардың жанашырлығының арқасында отбасы қарызынан құтылды.