Ақша үшін ереуіл ұйымдастырған ба? ҰҚК Жаңаөзендегі арнайы операцияға қатысты түсінік берді

Ulysmedia.kz коллажы

Ұлттық қауіпсіздік комитеті Жаңаөзенде бірнеше адамның ұсталғаны туралы ақпаратты растады. Бұл туралы Ulysmedia.kz редакциясының ресми сауалына берілген жауапта айтылған.

Мән-жайы

Алдыңғы аптада Жаңаөзенде күш құрылымдары арнайы операция жүргізгені белгілі болды. Жергілікті блогер Азамат Сәрсенбаевтың мәліметінше, мұнай сервистік Jana Oil Service компаниясының (бұрынғы «Кезби») және «Өзенмұнайгаз» АҚ-ның басшылары ұсталған болуы мүмкін.

Тараған ақпаратта күдіктілер «Өзенмұнайгаздан» қосымша қаржы алу үшін жұмысшыларды ереуілге шығуға итермелеген болуы мүмкін деген болжам айтылды.

ҰҚК істің егжей-тегжейін жарияламады, бірақ ұсталғандар бар екенін растады.

– Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес, өзге ақпарат жария етілмейді, – деп хабарлады комитет.

Тағы кім пікір білдірді

Бұған дейін «ҚазМұнайГаз» компаниясы «Өзенмұнайгаз» басқарма мүшелерінің ұсталмағанын мәлімдеген еді. Алайда кәсіпорынның басқа қызметкерлері мен Jana Oil Service басшылығына қатысты жағдайға түсінік бермеді.

Ulysmedia.kz редакциясы ресми сауал жолдаған Ішкі істер министрлігі әзірше жауап берген жоқ. Ал Жаңаөзендегі арнайы операция полициямен бірлесіп жүргізілген.