Астанада 51 азаматты 413 млн теңгеден астам сомаға алдады деп айыпталған ұйымдасқан қылмыстық топтың ісі сотқа жолданды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жайы
Тергеу мәліметінше, жеті адамнан тұратын топ төрт жыл бойы азаматтарға жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламалары арқылы баспана алуға, сондай-ақ тиімді шарттармен несие мен қаржыландыру рәсімдеуге көмектесеміз деп уәде берген.
Күдіктілер өз әрекеттеріне заңды сипат беру үшін кеңсе жалдап, коммерциялық ұйымдар құрған. Олар азаматтармен қызмет көрсету туралы шарттар жасасып, кепілдік хаттар рәсімдеген.
Сонымен қатар, адамдардың сеніміне кіру үшін мемлекеттік және квазимемлекеттік құрылымдарда ықпалды таныстары бар екеніне сендірген.
Салдарынан 51 азамат зардап шегіп, келтірілген жалпы материалдық шығын 413 млн теңгеден асты.
Айыпталушыларға Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабының 4-бөлігі (қылмыстық топ жасаған ірі және аса ірі мөлшердегі алаяқтық) және 262-бабы (ұйымдасқан топ құру, оған басшылық ету және оның қызметіне қатысу) бойынша айып тағылған.
Қылмыстық іс мәні бойынша қарау үшін сотқа жолданды.