Тоқаев Назарбаевтың есімі ешқашан ұмытылмайтынын айтты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуына қосқан үлесін атап өтіп, оның есімі ешқашан ұмытылмайтынын айтты. Бұл туралы президент Республика күніне арналған салтанатты жиында мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жайы

– Сондықтан Егемен Қазақстанның негізін қалауға, оның өте күрделі экономикалық жағдайда дамуына, еліміздің көптеген тарихи жетістікке қол жеткізуіне зор үлес қосқан Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімі ешқашан ұмытылмайды деп ойлаймын. Себебі, бұл – әділеттілікке сай келетін мәселе, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, әділеттілік – ең жоғары рухани құндылықтардың бірі. Қазақстанда осы қағидатты қоғам арасында дәріптеу маңызды. Мемлекет басшысы жаңа партияға «Әділет» атауы берілгенін де еске салды.

– Біз бәріміз біртұтас қоғам болып Әділетті Қазақстанды құру ісін қолға алдық. Әділеттілік қағидаттарын халқымыз арасында дәріптеп жатырмыз. Шын мәнінде, әділеттілік ең жоғары рухани құндылық десек дұрыс болады, – деді ол.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев тарихи оқиғаларға әділетті көзқараспен қарап, оларға лайықты баға беру қажеттігін айтты.

Мемлекет басшысы ел бірлігі мен тұрақтылығының маңызына да тоқталды. Оның сөзінше, Қазақстан халқы татулықтың арқасында түрлі сынақтан өтіп, ел игілігін арттырып, түбегейлі өзгерістерді жүзеге асырды.

Президент Конституцияның ел дамуы мен қоғам өміріндегі рөлін атап өтті. Оның айтуынша, Ата заң азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, ел егемендігі мен аумақтық тұтастығын басты құндылық ретінде бекітеді.

Сондай-ақ заң мен тәртіпті сақтау, жалпыұлттық бірлікті нығайту, білім мен ғылымды, инновация мен жоғары технологияларды дамыту мемлекеттің негізгі басымдықтары ретінде белгіленген.

– Конституцияда Қазақстанның өткені мен бүгіні, сондай-ақ болашақтағы бейнесі айқындалды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.