25 қазанда Сербияда мерзімінен бұрын парламент сайлауы өтіп жатыр. Бұл – елдегі кейінгі жылдардағы ең тартысты саяси науқандардың бірі. Ұзақ уақыттан бері алғаш рет Александр Вучичтің партиясына теміржол вокзалындағы қайғылы оқиғадан кейін құрылған студенттер қозғалысы елеулі бәсекелес болып отыр. Сайлау нәтижесі бұрынғы президенттің командасы 14 жылға жуық уақытқа созылған саяси үстемдігін сақтап қала ала ма деген сауалға жауап бермек, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Сербия тұрғындары ел парламенті – Халық скупщинасының 250 депутатын сайлайды. Дауыс беру құқығына 6,45 миллионнан астам азамат ие.
Парламенттегі орындарға 2400-ден астам кандидат енген 18 сайлау тізімі таласып жатыр.
Мерзімінен бұрын сайлау Александр Вучич 9 қыркүйекте үкіметтің ұсынысымен парламентті таратқаннан кейін тағайындалды.
Кейін, 27 қыркүйекте ол Сербия прогрессивті партиясының сайлау науқанын басқару және премьер-министр лауазымына үміткер болу үшін президенттік өкілеттігін тоқтатты.
Алайда елдегі саяси текетірестің басты себебі екі жыл бұрын басталған оқиғалармен байланысты.
2024 жылғы 1 қарашада Сербияның Нови-Сад қаласындағы теміржол вокзалында бетон қалқа опырылып түсіп, 16 адам қаза тапты.
Бұл қайғылы жағдай қоғамда үлкен наразылық туғызды. Студенттер кінәлілерді жауапқа тартуды және вокзалды қайта жөндеуге қатысты құжаттарды жариялауды талап етті.
Уақыт өте келе наразылық жемқорлық пен биліктің жауапсыздығына қарсы ауқымды қозғалысқа ұласты. Шеруге қатысушылар ел билігін осы мәселелер үшін айыптады.
2025 жыл бойы жастар мыңдаған адам қатысқан митингілер өткізіп, университеттерді, жолдарды және мемлекеттік мекемелерді жауып, наразылық білдірді.
Оларға түрлі жастағы және әр салада еңбек ететін азаматтар қосылды.
2025 жылғы мамырда студенттер мерзімінен бұрын сайлау өткізуді талап етті. Кейін өздері де парламенттегі орындар үшін күресуге бел буды.
Осылайша, бастапқыда наразылық ретінде құрылған қозғалыс билік партиясымен бәсекеге түсе алатын саяси күшке айналды.
Сайлаудағы негізгі тартыс екі саяси күштің арасында өрбіп жатыр.
Біріншісі – 2012 жылдан бері билікте отырған Сербия прогрессивті партиясының төңірегінде құрылған «Александр Вучич – Біртұтас Сербия» сайлау бірлестігі.
Вучич сайлауалды науқанында экономиканы дамытуға, жаңа инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға, тұрақтылықты сақтауға және ұлттық мүддені қорғауға басымдық беріп отыр.
Оның командасы зейнетақы мен мемлекеттік сектор қызметкерлерінің жалақысын көтеруге де уәде берді.
Екінші ірі саяси күш – «Студенттер жеңіске жетеді» қозғалысы.
Дәстүрлі партиялардан айырмашылығы, студенттер қозғалысының бір ғана саяси көшбасшысы жоқ.
Олардың сайлау тізіміне оқытушылар, дәрігерлер, мәдениет саласының өкілдері, қоғам белсенділері және өзге де мамандар енген. Олардың көбі бұған дейін жоғары мемлекеттік қызмет атқармаған.
Қозғалыс барлығы 250 кандидатты ұсынды.
Сайлау тізімінің басында кардиолог Илия Срданович тұр.
Студенттер жемқорлықпен күресуді, мемлекеттік институттардың тәуелсіздігін қамтамасыз етуді және шенеуніктердің қоғам алдындағы жауапкершілігін арттыруды талап етіп отыр.