Қызылордада мың теңгеге байланысты туындаған жанжалдан кейін қаза тапқан жасөспірім Нұрисламбектің туыстары жаңа мәлімдеме жасады. Марқұмның бауыры қайғылы оқиғадан бір апта бұрын болған жанжалдың бейнежазбасына назар аударып, онда жасөспірімді ұрған әйелдің қалтасынан бұрағыш түсіп қалғанын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Әлеуметтік желіде жарияланған үндеуде Нұрисламбектің туысы оның қазасынан тура бір апта бұрын болған оқиғаны баяндады.
Оның айтуынша, Мирас есімді жасөспірім жұмыс істеген жерде келушіге талас шыққан. Сол кезде жұмыс беруші әйел Нұрисламбекті тырнап, ұрып-соққан. Ал марқұм оған қарсылық көрсетпеген.
– Видеоны мұқият қарасаңыздар, соңында бауырымды ұрған әйелдің қалтасынан бұрауыштың түсіп кеткенін байқауға болады. Мұны жай ғана кездейсоқтық деп қабылдау маған қиын. Себебі тура бір аптадан кейін бауырым Нұрисламбек жүрек тұсына бұрағыш сұғылып, өмірден өтті, – деп жазды марқұмның туысы.
Ол екі оқиғаның арасында қандай да бір байланыс болуы мүмкін деп күдіктеніп, тергеушілерден осы жайтты мұқият тексеруді талап етті.
Сондай-ақ, үндеу авторы жұмысшылар арасындағы жанжалға басқа адамдардың ықпалы болуы мүмкін деген күдігін жеткізді.
Алайда әйелдің қалтасынан түскен зат Нұрисламбектің өліміне қатысы бар-жоғы әзірге анықталған жоқ. Туыстарының бұл мәлімдемесіне қатысты құқық қорғау органдарының ресми қорытындысы жарияланбаған.
Марқұмның туысы Нұрисламбектің өліміне қатысты барлық мән-жай ашылып, оқиғаға қатысы болуы мүмкін адамдардың әрекетіне құқықтық баға берілуі керегін айтты.
– Бауырымнан айырылып қаламын деп ешқашан ойламадым. Оның енді арамызда жоқ екеніне әлі де сенгім келмейді. Жаным ауырады, жүрегім қан жылайды. Бірақ менің бар тілегім – бауырыма қатысты шындықтың толық ашылып, әділдіктің орнауы, – делінген үндеуде.
Еске салайық, 21 қазанда Қызылорданың орталық алаңында 13 жастағы күдікті мен Нұрисламбек арасында мың теңгеге байланысты жанжал туындағаны хабарланған еді.
Туыстарының айтуынша, жанжал кезінде Нұрисламбектің жүрек тұсына үшкір зат сұғылған. Жасөспірім анасының көз алдында ауыр жарақат алып, ауруханаға жетпей көз жұмған.
Марқұмның отбасы оқиғаға басқа адамдардың да қатысы болуы мүмкін екенін айтып, тергеудің жан-жақты жүргізілуін талап етіп отыр.
Қызылорда облыстық полиция департаменті жасөспірімнің өліміне байланысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған. Тергеу абайсызда адам өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру бабы бойынша жүргізіліп жатыр.
Күдікті облыстық Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылған. Полиция тергеу барысы ерекше бақылауда екенін мәлімдеді.