Бразилия президенті Луис Инасиу Лула да Силва президент сайлауында жеңіске жетіп, төртінші мерзімге сайланды. Оның қарсыласы, бұрынғы мемлекет басшысы Жаир Болсонарудың ұлы Флавиу Болсонару сайлау нәтижесін мойындаудан бас тартып, оның күшін жоюға күш салатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Дауыс беру 25 қазанда өтті. Ресми мәлімет бойынша, Лула сайлаушылардың 51,79 пайыз дауысын жинаса, Флавиу Болсонару 48,21 пайыз дауыс алған. Екі үміткердің арасындағы айырмашылық 4,4 миллионнан астам дауыс болды.
Бұл жеңіс көпшілік үшін тосын нәтиже болды. Reuters мәліметінше, сайлаудың бірінші кезеңінде Болсонару алға шыққанымен, қазіргі президент жағдайды өз пайдасына өзгертіп, сайлаушылардың басым бөлігінің қолдауына ие болды.
80 жастағы Лула Бразилияның қазіргі тарихында сайлаудың бірінші кезеңінде жеңіліп, екінші кезеңінде жеңіске жеткен алғашқы саясаткер атанды.
Флавиу Болсонару сайлау қорытындысымен келіспейтінін және оған сот арқылы шағым түсіретінін мәлімдеді.
Бұған Жоғарғы сот судьясының дауыс беру уақытын екі сағатқа ұзарту туралы шешімі себеп болған.
Алайда бұған дейін елдің оңтүстігінде нөсер жауын жауғандықтан, Болсонарудың командасы сайлау учаскелерінің жұмыс уақытын ұзартуды өзі сұраған еді.
Бұл жағдай 2022 жылғы президент сайлауын еске салады. Сол кезде қазіргі үміткердің әкесі Жаир Болсонару да Луладан жеңіліп, сайлау нәтижесін мойындамаған болатын.
Кейін Бразилияның Жоғарғы соты бұрынғы президентті билікті сақтап қалу мақсатында мемлекеттік төңкеріс ұйымдастыруға дайындалғаны үшін 27 жылға бас бостандығынан айырды.
Енді оның үлкен ұлы да сайлау қорытындысына дау айтпақ. Алайда бұл жолы екі үміткердің арасындағы дауыс айырмашылығы екі еседен астам көп болды.
Лула үшін бұл – президенттік қызметтегі төртінші мерзім. Еңбек жолын қарапайым жұмысшы болып бастап, кейін кәсіподақ жетекшісіне айналған саясаткер әлі күнге дейін Бразилия саясатындағы ықпалды тұлғалардың бірі саналады.
2018 жылы ол жемқорлық жасады деген айыппен түрмеге қамалғанымен, кейін сот үкімдерінің күші жойылды.
2022 жылы Лула Жаир Болсонаруды жеңіп, билікке қайта оралды.
Биылғы сайлауда президент әлеуметтік бағдарламаларға және табысы төмен азаматтарды қолдауға басымдық берді.
Ол әлеуметтік төлемдерді 15 пайызға арттыруға, халықтың қарыз жүктемесін жеңілдетуге және демалыс күндері қоғамдық көлікте тегін жүру мүмкіндігін енгізуге уәде берді.