Абай облысының Мақаншы ауданында бір аптадан аса уақыттан бері жалғасып жатқан өрт оқшауланды. Қазір тілсіз жауды толық сөндіру жұмыстары жүріп жатыр. Оқиға орнында 49 адам мен 24 техника жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Кейінгі мәліметке сәйкес, Абай облысындағы өрттің одан әрі таралуы тоқтатылған. Алайда кейбір аумақтарда өрт ошақтары сақталғандықтан, құтқарушылар жұмысты жалғастырып жатыр.
Өрт орнында Абай облысы Төтенше жағдайлар департаментінен 20 қызметкер мен 6 техника жұмылдырылған. Оның ішінде үш өрт сөндіру автоцистернасы, бір өрт сөндіру көлігі және екі жедел кезекші автокөлік бар.
Сонымен қатар, Мақаншы ауданы әкімдігі тарапынан 29 адам мен 18 техника тартылған. Атап айтқанда, бір трактор, жеті жеңіл автокөлік және су тасымалдайтын он көлік жұмыс істеп жатыр.
Осылайша, өртті сөндіруге жалпы 49 адам мен 24 техника жұмылдырылған.
Қазір өрт оқшауланғанымен, оны толық сөндіру жұмыстары әлі аяқталған жоқ.
Өртке қатысты «Эко Тазалық» компаниясының басшысы Ерасыл Диқамбаев та тұрғындарға үндеу жасап, жалған ақпарат таратпауға шақырды.
Ол жұрттан тексерілмеген мәліметтерді таратудан, елді дүрліктіруден аулақ болуды өтінді.
Бұған дейін Мақаншы ауданындағы Қабанбай ауылы мен Жалаңашкөл станциясының арасындағы ауқымды өртке байланысты тұрғындар дабыл қаққан еді.
Олардың айтуынша, жалын ауыл шаруашылығы алқаптарын шарпып, шаруа қожалықтарына шығын келтірген. Сондай-ақ, қысқа дайындалған шөп қоры мен жиналған өнімнің бір бөлігі жанып кеткен.
Жергілікті тұрғындар көрші ауылдардың халқымен бірге бір аптадан аса уақыт бойы өртті өз күштерімен сөндіруге тырысқанын мәлімдеді.
Жұрт жалын елді мекендер мен Алакөлге қарай таралуы мүмкін екеніне алаңдаған.
Абай облысының Төтенше жағдайлар департаменті бұған дейін Қарабұлақ ауылдық округіне қарасты Жарсу учаскесінде құрғақ шөп пен қамыс өртенгенін растаған.
Құтқарушылардың мәліметінше, өртті сөндіруге кейбір ошақтардың батпақты әрі жетуі қиын аумақтарда орналасуы кедергі келтіріп отыр.
Ведомство елді мекендерге қауіп төніп тұрмағанын хабарлаған.
Қазір өрттің таралуы тоқтатылды. Құтқарушылар қалған ошақтарды толық сөндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.