Қызылордада жігіттің өліміне үш адам күдікті: полиция өзге адамдардың қатысын тексеріп жатыр

ПД

Қызылорда облысының полициясы 8 қазанда дәмханалардың бірінің маңында болған шабуылдан қаза тапқан Александр Ивановтың өліміне қатысты пікір білдірді. Бұған дейін марқұмның әпкесі інісін ұрып-соғуға 12 адамның қатысы болуы мүмкін екенін, алайда олардың үшеуі ғана ұсталғанын айтқан еді. Полиция қылмысқа басқа адамдардың да қатысы бар-жоғын тексеріп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Қызылорда облыстық полиция департаменті Александр Ивановтың өліміне қатысты үш адамның ұсталғанын растады. Қазір олар уақытша ұстау изоляторында отыр.

– 8 қазанда Қызылорда қаласының тұрғынын өлтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Осы оқиғаға қатысты үш күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды, – деп хабарлады полиция.

Тәртіп сақшылары тергеу барысында алынған барлық бейнежазбаны қарап шыққанын да мәлімдеді. Сонымен қатар, қылмысқа өзге адамдардың да қатысы болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.

Қазір полиция келіп түскен мәліметтерді тексеріп, оқиғаға қатысы болуы мүмкін әр адамның қандай рөл атқарғанын анықтап жатыр. Олардың әрекетіне тергеу қорытындысы бойынша құқықтық баға беріледі.

Полиция тергеу мүддесіне байланысты әзірге оқиғаның өзге мән-жайын жарияламай отыр.

Қылмыстық іс облыстық полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауына алынған.

Марқұмның әпкесі бұған дейін не айтты?

Еске салайық, Александр Иванов 8 қазанда Қызылордадағы дәмханалардың бірінің жанында болған жанжалдан кейін қаза тапқан.

Оның әпкесі Анастасия әлеуметтік желіде інісіне бір топ адам шабуыл жасағанын айтып, оқиғаның мән-жайын жариялаған еді.

Әйелдің сөзінше, інісін бірнеше адам жабылып ұрып-соғып, жүрек тұсына үш рет пышақ сұққан.

Марқұмның әпкесі шабуылға 12 адам қатысқанын алға тартады. Алайда отбасының қолындағы мәлімет бойынша, олардың үшеуі ғана ұсталған.

Толығырақ осы жерден оқи аласыз.