"Дос-Мұқасан" негізін қалаушысын қолдау үшін петиция жарияланды

instagram.com/dos_mukasan_official

«Дос-Мұқасан» ансамблінің негізін қалаушы Мұрат Құсайыновқа «Қазақстанның халық әртісі» атағын беру туралы петиция жарияланды. Сахнада жарты ғасырдан астам уақыт өнер көрсетіп, мемлекеттік наградаларға ие болған музыкант әлі күнге дейін бұл атаққа ие болмаған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Сахнадағы жарты ғасыр

Петиция 26 қазанда epetition.kz платформасында тіркелді. Оның авторлары Қазақстан президенті мен Мәдениет және ақпарат министрлігіне жүгініп, Мұрат Құсайыновқа 2027 жылы «Қазақстанның халық әртісі» атағын беруді сұрады. Дәл сол жылы «Дос-Мұқасан» ансамбліне 60 жыл толады.

Бастамашылар Құсайыновтың ұжымның негізін қалаушылардың бірі болғанын еске салды. Ол 1973 жылдан бері ансамбльді басқарып келеді. Ұжым түрлі дәуірді, Кеңес Одағының ыдырауын және 1990 жылдардағы музыканттар үшін қиын кезеңді бастан өткерді.

– Бұл – рок пен поп-музыканы қазақтың халық әндерімен ұштастырған Қазақстандағы алғашқы кәсіби вокалды-аспаптық ансамбль. Мұрат Құсайынов заңда осы атаққа қойылатын талаптарға толық сәйкес келеді. Алайда министрліктің өзі 2025 жылғы желтоқсанда растағандай, оны атаққа ұсыну туралы өтініш әлі күнге дейін берілмеген. Біз, Қазақстан азаматтары, осы әділетсіздікті түзетуді сұраймыз, – делінген үндеуде.

«Дос-Мұқасан» құрылған жылдардан бері Еуропа, Азия, Солтүстік және Оңтүстік Америкада өнер көрсетті. Ұжымның «Той жыры», «Қуанышым менің», «Туған жер» және басқа да әндерін қазақстандықтардың бірнеше буыны жақсы біледі. Мұрат Құсайынов ансамбльдің көптеген әніне музыка жазған. Оның шығармаларының қатарында «Бетпақ дала» аспаптық рок-композициясы мен халық әндерінің өңделген нұсқалары да бар.

Мәдениет министрлігі неге музыкантты марапатқа ұсынбады?

Композиторға халық әртісі атағын беру мәселесі бұған дейін, бір жыл бұрын да көтерілген. Сол кезде Мәдениет және ақпарат министрлігі ведомствоға тиісті өтініш түспегенін түсіндірген. Шенеуніктер құжаттар белгіленген тәртіппен тапсырылған жағдайда оның кандидатурасын қарастыруға дайын екенін мәлімдеген.

Ал Мұрат Құсайыновтың Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атақтары бар. Сондай-ақ ол «Құрмет» және «Парасат» ордендерімен марапатталған.

Петиция авторлары музыканттың еңбегі оған халық әртісі атағын беруге толық негіз болады деп есептейді.

– Сахнадағы алпыс жыл – халық әлдеқашан берген атақты мемлекет те өз шеберіне табыстап, еңбегін бағалауы үшін жеткілікті мерзім, – деп жазады петиция авторлары.

Контекст

Мұрат Құсайынов 1948 жылғы 10 тамызда Жамбыл облысында дүниеге келген. 1967 жылы Досым Сүлев, Камит Санбаев және Александр Литвиновпен бірге «Дос-Мұқасан» ансамблін құрды. Ұжымның атауы оның мүшелерінің есімдеріндегі алғашқы буындардан құралған.

Музыканттар алғашқы концертін 1967 жылғы 1 тамызда Баянауылда студенттік құрылыс жасағының құрамында жүрген кезде берді. 1973 жылы ансамбль кәсіби сахнаға шықты. Кейін оның мүшелері халықаралық фестивальдердің лауреаттары атанып, шетелдерде гастрольдік сапармен өнер көрсетті және бірнеше альбом шығарды.

Қазір петиция қол жинаудың бастапқы кезеңінен өтіп жатыр. Келесі кезеңге өтуі үшін 11 қарашаға дейін кемінде 50 дауыс жинауы қажет.