Алматыда қаржы пирамидасының 275 салымшысы 217 млн теңгесінен айырылды

ашық дереккөз

Алматыда тұтыну кооперативі атын жамылған R.O.I. қаржы пирамидасына қатысты тергеу жүріп жатыр. Іс бойынша 275 азамат жәбірленуші деп танылды. Оларға келтірілген жалпы шығын 217 млн теңгеге жеткен, деп хабарлады Ulysmedia.kz

Мән-жай

Тергеу мәліметінше, азаматтарға жылжымалы және жылжымайтын мүлік сатып алу бағдарламаларына қатысу ұсынылған. Осы мақсатта үлестік жарна жинақтау туралы шарттар жасалып, тұрғындардан ақша жиналған.

Алайда жаңа қатысушылардан түскен қаражат нақты кәсіпкерлік қызметке жұмсалмаған. Оның орнына ақша кооперативке бұрын қосылған мүшелер алдындағы міндеттемелерді өтеуге бағытталған.

Ұйымдастырушылар 94 млн теңгені басқа шоттарға аударған

Тергеу барысында ұйымдастырушылар кеңес беру қызметтерінің ақысы деген желеумен кооперативтен 94 млн теңгені өздерімен байланысы бар тұлғалардың, соның ішінде «Кәусар» жеке кәсіпкерлігінің есепшоттарына аударғаны анықталған.

2022 жылы сот даулары басталғаннан кейін Алматыда ShynSaulet, Berekeli Shanyrak, Aya-Aru, Jasmin, USCoop және Baiterek атты алты жаңа тұтыну кооперативі құрылған. Агенттік мәліметінше, бұл ұйымдар R.O.I. кооперативінің басшысына бағынышты болған.

Жаңа кооперативтер жеке сот орындаушылары бұғаттаған негізгі ұйымның банк шоттарын айналып өтіп, түскен қаражатты басқа есепшоттарға аудару үшін пайдаланылған.

Қаржы пирамидасын ұйымдастырды деген күдікке ілінген адам екі айға қамауға алынды. Соттың санкциясымен үш автокөлікке, 25 пәтерге және банк шоттарына тыйым салынды.

Қазір тергеу жалғасып жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, істің өзге мәліметтері жария етілмейді.