АҚШ Қазақстандағы әуежайды тікелей рейстер ашылар алдында тексереді

Ulysmedia коллажы

Қазақстан АҚШ-пен тікелей әуе қатынасын ашуға дайындалып жатыр. Алайда оған дейін америкалық мамандар әуежайдың қауіпсіздігін бағалап, ұлттық әуе тасымалдаушысының мұндай рейстерді орындауға дайындығын тексеруге тиіс, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

Америкалық тарап рейстерді іске қосу үшін қандай жұмыстар атқарылуы керегін түсіндірді. Атап айтқанда, АҚШ-тың Көлік қауіпсіздігі басқармасы (TSA) Air Astana әуе компаниясының авиациялық қауіпсіздік бағдарламасын зерделеп, жолаушылар туралы деректерді беру жүйелерінің америкалық Secure Flight бағдарламасымен үйлесімділігін тексеруі қажет.

Қазақстанның Азаматтық авиация комитетінің хабарлауынша, америкалық мамандар бұған дейін әуежайға алдын ала тексеру жүргізген. Оның қорытындысы бойынша TSA бірқатар ұсыным берген. Қазір сол ұсынымдарды орындау жұмыстары жалғасып жатыр.

Алғашқы рейстер қашан ұшады?

Тікелей рейстерді іске қосуға дайындық бірнеше бағыт бойынша жүріп жатыр. TSA талаптарынан бөлек, Қазақстан АҚШ-тың Федералдық авиация басқармасының (FAA) рәсімдерін де аяқтауы керек.

20 қазанда көлік вице-министрі Талғат Ластаев FAA тексеруі аяқталғанын хабарлады. Ресми қорытынды қараша айында жарияланады деп жоспарланып отыр.

Алғашқы тікелей рейстер Астана мен Нью-Йорк қалаларын байланыстырады деп жоспарланып отыр. Оларды 2027 жылы іске қосу көзделген.