Алимент төлемейтіндердің такси, жеткізу қызметі мен бәс тігуден тапқан табысы тексеріледі

Ulysmedia коллажы

Қазақстанда сот орындаушылары алимент бойынша берешегі бар азаматтардың табысын анықтау үшін интернет-платформалардан, курьерлер мен такси жүргізушілеріне арналған қосымшалардан, сондай-ақ букмекерлік кеңселер мен казинолардан мәлімет сұратуға құқылы болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Сонымен қатар Үкімет алимент төлемейтіндерге жазаны қатаңдатуға асығар емес. Бұл туралы премьер-министр Олжас Бектенов Құрылтай депутаттарының сауалына берген жауабында жазды.

Табысты қалай анықтайды?

Сот орындаушылары мемлекеттік органдармен, банктермен және еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесімен байланысқан автоматтандырылған жүйе арқылы жұмыс істейді. Оның көмегімен борышкердің қай жерде ресми жұмыс істейтінін және жұмыс берушісінің кім екенін анықтауға болады.

Енді сот орындаушылары курьерлер, такси жүргізушілері және басқа да өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар еңбек ететін онлайн-платформалардан, сондай-ақ құмар ойындарын ұйымдастырушылардан мәлімет сұрата алады.

Бұған қоса, мемлекет жолаушылар тасымалы, жеткізу қызметі, құмар ойындары және электронды ақшамен жасалатын операциялардан түсетін табысты анықтау үшін мемлекеттік органдардың дерекқорларын өзара байланыстырып жатыр.

Берешек қалай есептеледі?

– Алимент бойынша берешек борышкердің нақты жалақысы мен басқа да табыстары негізінде есептеледі. Егер ол жұмыс істемесе немесе табысы туралы құжаттар болмаса, берешек елдегі орташа жалақы мөлшеріне қарай есептеледі. Егер алиментті жалақыдан немесе басқа да табыстардан үш ай бойы өндіріп алу мүмкін болмаса, сот орындаушысы берешек мөлшерін есептеп, мүлікті өндіріп алуға дейінгі мәжбүрлеу шараларын қабылдауға міндетті, – делінген Олжас Бектеновтің жауабында.

Егер борышкер берешегінің бір бөлігін ғана өтесе, қалған соманы төлеу міндетінен босатылмайды.

Жазаны неге қатаңдатпайды?

Алимент төлемегені үшін екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. 2026 жылдың тоғыз айында полиция осындай 991 істі тергеп, оның 356-сын сотқа жолдаған.

Бұдан бөлек, сот шешімін орындамағаны үшін 3477 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Алайда Үкімет жазаны одан әрі қатаңдату мәселені шешпейді деп есептейді.

– Қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікті одан әрі қатаңдату берешектің өтелуіне өздігінен кепілдік бермейді. Бас бостандығынан айыру борышкердің табыс тауып, алимент төлеу мүмкіндігін шектеуі мүмкін, – делінген жауапта.

Жазаға қатысты өзгерістер енгізу мәселесі қосымша зерделенетіні айтылды.

Отбасыларға берілетін көмек өзгере ме?

Депутаттар мемлекеттен тұрғын үйді жалға алу ақысын төлеуге көмек алатын отбасылардың санатын кеңейтуді де ұсынған.

Олжас Бектеновтің айтуынша, бұл бюджеттен қосымша қомақты қаражат бөлуді талап етеді. Оның сөзінше, мемлекеттік қолдау көрсетудегі басты өлшем – отбасының әл-ауқаты.

Сот орындаушылары қалай тексеріледі?

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап жеке сот орындаушылары үш жылда бір рет аттестаттаудан өтеді.

Тексеруден екі рет өте алмаған немесе дәлелді себепсіз оған келмеген мамандар лицензиясынан айырылады.