"Медреседе ұл балалар зорланған": ІІМ тергеу бастады

Видеодан алынған кадр

Қазақстанның Ішкі істер министрлігі діни қайраткер Исматулла Мақсұмға қатысты тергеу бастады. Оған жабық медреселерде білім алған жасөспірімдерге жыныстық зорлық-зомбылық көрсетті деген айып тағылып отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«Әулие адам мұндайға бармайды деп ойладық»

Жақында бұрын діни қауымдастықтың мүшесі болған Ақылбек Жұмабеков Исматулла Мақсұмның жасөспірімдерге қатысты орынсыз әрекеттері туралы естігенін, бірақ бастапқыда бұл әңгімелерге сенбегенін айтты. Оның діни ұстазға деген көзқарасы бейнебайланыс арқылы хабарласып, басынан өткен оқиғаны баяндаған жас жігітпен сөйлескеннен кейін өзгерген.

Жұмабековтің айтуынша, жігітті діни жетекшінің бөлмесіне шақырып, оған жыныстық сипаттағы ұсыныс жасаған көрінеді. Жасөспірім бас тартқан соң, кетуге әрекеттенгенде, Мақсұм біреуге шағымданса, өзіне қиындық туатынын айтып қорқытқан-мыс. Жас жігітке ешкім сенбейтіні, өзін психикалық ауру деп жариялап, қылмыстық жауапкершілікке тартуы мүмкін екені де айтылған көрінеді. Ол бұл туралы Жанар Байсемізге берген сұхбатында айтты.

Ол мұндай жағдайлар бірнеше рет қайталануы мүмкін деп есептейді. Діни ұстаздың бөлмесіне күн сайын әртүрлі ұл балаларды шақырып отырған көрінеді.

Полиция не дейді?

Ulysmedia редакциясы Ішкі істер министрлігінен түсінік сұрады. Ведомство видеода айтылған мәліметтер қылмыстық іс аясында тексеріліп жатқанын растады.

– Жарияланымда баяндалған мәліметтер бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Оның аясында болған оқиғаның барлық мән-жайы тексеріліп жатыр. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректері жария етуге жатпайды, – деп хабарлады ІІМ.

Істің нақты қай бап бойынша тергеліп жатқаны айтылмады.

ҚМДБ діни қайраткерден іргесін аулақ салды

Бұған дейін жарияланымға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да пікір білдірген. Муфтият Исматулла Мақсұм мен оның жақтастарының ұйымға қатысы жоқ екенін, олардың діни көзқарастары ҚМДБ ұстанымымен сәйкес келмейтінін мәлімдеді.

– Бұған дейін ҚМДБ олардың қызметі мен діни көзқарастарына қатысты ресми мәлімдеме жасаған. Дінімізде адамға зорлық көрсету, қорқыту, өзгенің құқығына қол сұғу және мәжбүрлеу ауыр күнә саналады, – делінген хабарламада.

Исматулла Мақсұм кім?

Исматулла Мақсұм, сондай-ақ Исматулла Абдуғаппар деген атпен белгілі діни қайраткер 2000 жылдары танымал болды. Ол мұсылмандар Алланың есімін бірнеше рет қайталайтын ұжымдық зікір салу тәжірибесін насихаттаған. Оның айналасында діни қауымдастық қалыптасты. Кейбір ізбасарлары өз ұстазын әулие санаған.

2011 жылы ол діни экстремизмге, ұйымдасқан қылмыстық топ құруға және заңсыз медициналық қызметке қатысты іс бойынша 14 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол түрмеде он жыл отырған. Қазір бостандықта.