Қазақстанда орташа жалақы жарты миллион теңгеге жуықтағанымен, жұмысшылардың басым бөлігі бұдан әлдеқайда аз табыс табады. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, жалдамалы қызметкерлердің 42%-ға жуығы айына 300 мың теңгеден аспайтын жалақы алады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Орташа жалақы нақты табысты көрсете бермейді
2026 жылдың екінші тоқсанында Қазақстандағы орташа жалақы 486 388 теңге болды. Ал медианалық жалақы одан едәуір төмен болып, 348 415 теңгеге жетті. Бұл қызметкерлердің жартысы осы сомадан аз, ал қалған жартысы одан көп жалақы алатынын білдіреді.
Тағы бір көрсеткіш – модальды жалақы 187 006 теңге болды, яғни статистикалық бөліністе ең жиі кездесетін жалақы мөлшері – осы.
Ұлттық статистика бюросы 3,38 миллион қызметкердің жалақысына қатысты деректерді зерттеген. Нәтижесінде олардың 2,2%-ы 100 мың теңгеден аспайтын жалақы алатыны анықталды. Тағы 9,4%-ының айлық табысы 100-150 мың теңге аралығында.
Қызметкерлердің 29,9%-ы 150-300 мың теңге аралығында жалақы алады. Осылайша, зерттеуге қатысқан жұмысшылардың 41,5%-ының айлық табысы 300 мың теңгеден аспайды.
Тағы 30,8%-ы 300-490 мың теңге аралығында жалақы алады. Ал 27,7%-ының жалақысы 490 мың теңгеден жоғары.
Қай жерде жалақы жоғары?
Ең жоғары жалақы шетелдік меншік нысанындағы кәсіпорындарда тіркелген. Ондағы қызметкерлер орта есеппен 748 529 теңге алады. Жеке компанияларда орташа жалақы 513 076 теңге, мемлекеттік ұйымдарда бұл көрсеткіш 365 476 теңге болады.
Осылайша, шетелдік меншік нысанындағы кәсіпорындарда жалақы мемлекеттік ұйымдармен салыстырғанда шамамен екі есе жоғары.
Табыс мөлшері жас ерекшелігіне қарай да айтарлықтай өзгереді. Ең аз жалақы алатындар – 16-24 жастағы жас қызметкерлер. Олардың орташа айлығы – 310 256 теңге. Ал ең жоғары жалақы 35-44 жас аралығындағы жұмысшыларға тиесілі – 489 629 теңге.
45-54 жас тобындағы қызметкерлердің орташа жалақысы – 467 544 теңге.
Ерлер мен әйелдердің табысы арасында да айырмашылық бар. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, ерлердің бір сағаттық еңбекақысы орта есеппен 2 859 теңге болса, әйелдердікі – 2 180 теңге. Арасындағы айырмашылық сағатына 679 теңгеге жетеді.
Білім деңгейі табысқа әсер етеді
Статистика әртүрлі білім деңгейіндегі қызметкерлердің жалақысы арасында елеулі айырмашылық бар екенін көрсетеді.
Орта білімі бар қызметкерлер айына орта есеппен 311 169 теңге алады. Жоғары білімді мамандардың жалақысы – 523 210 теңге.
Ал жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар мамандар ең көп табыс табады. Олардың орташа жалақысы 802 944 теңгеге жеткен. Бір жылда бұл санаттағы қызметкерлердің табысы 19,4% өскен.
Ал жоғары білімді қызметкерлердің жалақысы 5,2% ғана артқан.