"Бұл суицид емес": Ыстанбұлда қазақстандық қыздың өлімінен кейін акция өтті

Ulysmedia коллажы

Ыстанбұлда "Социалистік әйелдер кеңестері" ұйымының мүшелері 26 жастағы қазақстандық Айсұлу Бекмаханова қаза тапқан көшеде наразылық акциясын өткізді. Феминистер оның суицид жасағанына сенбей, істі жан-жақты тергеуді талап етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Белсенділер не талап етті

Акция «Бұл суицид емес, кісі өлтіру» ұранымен өтті. Қатысушылар тергеушілерден қыздың қазасына қатысты барлық мән-жайды тексеріп, өлімінің нақты себебін анықтауды және кінәлілерді жауапқа тартуды талап етті.

Белсенділердің пікірінше, күмәнді өлімді тергеу және әділдік іздеген мигрант әйелдердің қиындықтары – барлық әйелдің құқығына қатысты мәселе.

Контекст

Бұған дейін 25 қазан күні таңертең Ыстанбұлдың Шишли ауданында Қазақстанның 26 жастағы азаматы қаза тапқаны белгілі болды.

Түркиялық БАҚ-тың мәліметінше, қыз алтыншы қабаттағы балконнан көрші ғимараттың шатырына өткен. Сол жерде оның астындағы шатыр жабыны опырылып, ол минус екінші қабат деңгейіне құлап кеткен.

Қазақстан Сыртқы істер министрлігі оның қазасын растады. Ведомство дипломаттар марқұмның отбасына көмек көрсетіп жатқанын хабарлады.

Кейін Түркия полициясы екі адамды ұстады. Олар – марқұммен бір пәтерде тұрған көршісі және қызбен кездесіп жүрген ер адам.

Қайғылы оқиғадан аз уақыт бұрын көршісі қызды шатырдың шетінде суретке түсірген. Көршісінің айтуынша, ол құрбысынан ол жерден кетуді сұраған. Алайда қыз: «Мен осында біраз отыра тұрайын, сен ұйықтай бер» деп жауап берген.