Жұманғарин дүкендердің салығы мен комиссиясын төмендетуге қарсы шықты

Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Құрылтай депутаттарының үй жанындағы дүкендер үшін қолма-қол ақшасыз төлем комиссиясын 0,5%-дан асырмау туралы ұсынысын қолдамады. Сондай-ақ министрлік мұндай дүкендердің салығын төмендету және сауда үстемесін тексеруге мораторий енгізу туралы бастамаларды қабылдамады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Комиссия неге төмендемейді

Сатып алушы картамен немесе QR-код арқылы төлем жасағанда, банк дүкеннен қолма-қол ақшасыз төлемді қабылдағаны үшін комиссия алады. Заң бойынша оның мөлшерін банктер өздері белгілейді.

— Үй жанындағы дүкендер үшін эквайрингтің бірыңғай шекті тарифін 0,5%-дан асырмау бәсекені шектеуі, банктердің төлем инфрақұрылымы мен цифрлық сервистерді дамытуға деген ынтасын төмендетуі мүмкін. Сондай-ақ бұл кейбір шығындардың басқа банк қызметтеріне ауысуына әкелуі ықтимал, — делінген Жұманғариннің жауабында.

Министрдің айтуынша, кейінгі 7-10 жылда комиссия мөлшері 2,8-4,5%-дан 1,2-2,8%-ға дейін төмендеген. Ол кейбір банктердің комиссиясы бұдан да аз екенін еске салды. Мысалы, Halyk Bank QR-код арқылы төлем жасағанда 0,5% мөлшерінде комиссия алады.

Салық неге төмендемейді

Депутаттар үй жанындағы дүкендер үшін салық мөлшерлемесін бүкіл ел бойынша 2% деңгейінде белгілеуді ұсынған. Жұманғариннің пікірінше, бұған қажеттілік жоқ.

Қазір оңайлатылған салық режимін қолданатын мұндай дүкендер 4% салық төлейді. Алайда жергілікті мәслихат мөлшерлемені екі есе төмендетіп, 2% етіп белгілеуге құқылы.

Тексерулер неге тоқтатылмайды

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына қойылатын сауда үстемесінің шекті мөлшері — 15%. Жұманғариннің айтуынша, жекелеген дүкендерге ерекшелік жасау бір нарықтағы кәсіпкерлер үшін әртүрлі жағдай қалыптастырады.

Сондықтан министрлік сауда үстемесін тексеруге мораторий енгізуді қолдамады.

Шекті үстемеден асқан жағдайда шағын бизнес өкілдеріне 5 АЕК, ал заңбұзушылық қайталанса, 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.

Оның орнына не ұсынылды

Министр үй жанындағы дүкендерге жеңілдетілген несие бағдарламаларын пайдалануға кеңес берді.

«Іскер аймақ» бағдарламасы бойынша ішінара субсидияланатын мөлшерлемемен 200 млн теңгеге дейін несие алуға болады. Ал «Өрлеу» бағдарламасы бойынша жылдық мөлшерлеме — 12,6%.

Бұдан бөлек, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын белгіленген бағамен сататын кәсіпкерлерге әкімдіктер жылдық 0,1% мөлшерлемемен несие береді.

Министрліктің мәліметінше, үй жанындағы дүкендердің 232 жобасы несие бойынша субсидия алып, жалпы сомасы 18,5 млрд теңгеге жеткен. Алайда мұндай қолдау республикалық маңызы бар қалаларда көрсетілмейді.

Бұған дейін не айтылды

Бұған дейін Жұманғарин Қазақстанда шағын бизнес жаппай жабылып жатқан жоқ деп мәлімдеген. Оның дерегінше, 2026 жылғы қаңтардан сәуірге дейін небәрі 14 үй жанындағы дүкен жұмысын тоқтатқан.

Министр шағын бизнестің қиындықтарын салық реформасымен емес, несиенің қымбаттығы және сұраныстың төмендеуімен байланыстырды.

Ал үй жанындағы дүкен иелері қосылған құн салығы (ҚҚС) көтерілгеннен кейін сатып алушылардың аз тауар ала бастағанын, соның салдарынан түсімнің төмендегенін айтқан. Кәсіпкерлердің сөзінше, оларға қолма-қол ақшаға сауда жасап, салық төлемейтін көлеңкелі сатушылармен де бәсекелесуге тура келеді.