Әлем "қырғи-қабақ соғыс" кезіндегіден де күрделі кезеңге аяқ басты – Тоқаев

Ақорда

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі әлемдегі ахуал "қырғи-қабақ соғыс" кезеңінен де күрделі екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, халықаралық сенім дағдарысы күшейіп, халықаралық құқықтың беделі төмендеген.

Толығырақ

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында әлемдегі геосаяси жағдайға тоқталды.

– Күллі әлем жұртшылығы аласапыран кезеңде өмір сүріп жатыр десек, артық болмас. Мұндай күрделі, болжамсыз ахуал "қырғи-қабақ соғыс" кезінде де болмаған еді, – деді президент.

Тоқаевтың айтуынша, қазір алпауыт мемлекеттер арасында өзара сенім дағдарысы пайда болып, елдер бір-біріне негізсіз айып тағып, астыртын текетіреске барған. Сонымен қатар БҰҰ-ның беделі әлсіреп, халықаралық құқықтың құндылығы төмендеген.

Президент бақылаусыз көші-қонның күшеюі де бірқатар Еуропа елінің қауіпсіздігіне кері әсер еткенін атап өтті.

Мемлекет басшысы осындай күрделі жағдайда Қазақстан үшін тәуелсіздік пен егемендікті қорғау, қоғамдағы бірлік пен келісімді сақтау аса маңызды екенін айтты.

– Бірлік пен келісім болмаса, ешқандай реформа және ілгерілеу болмайтыны айдан анық, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Оның пікірінше, жаһандық сын-қатерлер күшейген кезде қоғамда талап пен тәртіпке басымдық беру қажет.

Тоқаевтың айтуынша, әлемдегі тұрақсыздыққа қарамастан, Қазақстан ел дамуының жаңа дәуіріне сеніммен қадам басып, ауқымды саяси реформаларды іске асырды. Президент мұны әлемде сирек кездесетін құбылыс деп бағалады.

Ендігі міндет – ел егемендігін нығайтып, ішкі тұрақтылықты сақтай отырып, мемлекеттің өркендеуіне жол ашу.

– Осы жолда бүкіл қоғам, соның ішінде отаншыл, белсенді, білімді азаматтар қарқынды еңбек етуі керек. Құрылтай депутаттарына да үмітім зор, – деді ол.

Президент мемлекеттік аппарат пен құқық қорғау органдарының да рөлі ерекше екенін атап өтті.

– Қазіргі буын өкілдері, яғни біз келе жатқан жас ұрпақтарға жоспарлар мен тұжырымдар емес, экономикасы қуатты және қарқынды, жоғары технологиялары дамыған, білім мен ғылымға негізделген, заңды мойындайтын, жасампаз әрі озық, геосаяси тұрғыдан күші мен ықпалы бар Қазақстанды қалдыруымыз керек. Бұл – ұлтымыздың алдында тұрған нағыз стратегиялық міндет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.