Боранбаевтан тәркіленген фитнес-клуб 30 пайыз жеңілдікпен сатылмақ

Ulysmedia коллажы

Мемлекет Қайрат Боранбаевтан тәркіленген Астанадағы Fitnation спорт кешенін қайтадан сатылымға шығарды. Нысанның бастапқы бағасы 30 пайызға төмендеп, 2,91 млрд теңгеден 2,04 млрд теңгеге түсті. Сауда 3 қарашада өтеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жайы

Лотты Астананың активтер және мемлекеттік сатып алу басқармасы саудаға шығарды. Оған Тұран даңғылы, 4/1 мекенжайында орналасқан, ауданы 4 043,4 шаршы метр ғимарат, оған жапсарлас құрылыстар және 510 бірлік жабдық кіреді.

Спорт кешені Астана әкімдігіне қарасты "Дәулет" мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнының балансында тұр.

Нысанның бастапқы бағасы – 2 039 126 323 теңге. Саудаға қатысу үшін үміткерлер 437 млн теңгеге жуық кепілдік жарна төлеуге тиіс. Өтініштер 3 қараша күні сағат 09:55-ке дейін қабылданады.

Клуб жалғыз қатысушыға да сатылуы мүмкін. Алайда ғимарат орналасқан жер телімі нысанның бағасына кірмейді. Оны сатып алушы кадастрлық құны бойынша бөлек төлейді.

Fitnation мемлекетке қалай өтті?

2023 жылғы наурызда Қайрат Боранбаев ұрлық жасады деген күдікпен ұсталып, алты жылға сотталған. Активтерді мемлекетке қайтару аясында ол бірнеше компаниясын, соның ішінде фитнес-клубтар желісін, газ тарату компаниясын, қонақүйлер мен сауда-ойын-сауық кешендерін мемлекетке өткізді.

Сондай-ақ Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорына 30 млрд теңге аударды.

2023 жылғы қарашада Боранбаев бостандыққа шықты. Сот оның бас бостандығынан айыру жазасын бас бостандығын шектеу жазасына ауыстырды.

Бұған дейін мемлекет Fitnation кешенін 2,91 млрд теңгеге сата алмады. 15 қазанда өткен саудаға бірде-бір сатып алушы өтініш бермеген.