Алматыдағы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің студенттері мен оқытушыларын күмән тудырған сөмкеге байланысты ғимараттан эвакуациялауға тура келді. Оқиға орнына шұғыл қызметтер келді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Оқиғаның мән-жайы
Оқиға бүгін, 28 қазанда болған. Әуелі университетте бомба қойылғаны туралы хабар түскені жөнінде ақпарат тарады. Осыдан кейін студенттер мен қызметкерлерді ғимараттан шығара бастаған.
Кейін Алматы полициясы эвакуацияға қараусыз қалған сөмке себеп болғанын түсіндірді. Күдік тудырған затқа байланысты шұғыл қызметтер шақырылған.
– Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында студенттер мен оқытушылар эвакуацияланды. Ғимаратты тексеру барысында сөмкенің студенттердің біріне тиесілі екені және оның ішінде оқу құралдары бары анықталды, – деп хабарлады полиция.
Осылайша, сөмкеден ешқандай қауіпті зат анықталған жоқ.
Бұған дейін
Бұған дейін Алматыда үш университетте бомба қойылғаны туралы хабарламаларға байланысты тексеру жүргізілген. Ол кезде де студенттерді ғимараттардан эвакуациялаған. Полиция оқу орындарының ғимараттары мен іргелес аумақтарды тексеріп, жарылғыш құрылғыларды таппады.