Жаңаөзеннің экс-әкімі адам ұрлау ісіне қатысы бар деген күдікке ілінді ме

gov.kz

Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитеті Жаңаөзеннің бұрынғы әкімі Жансейт Қайнарбаевтың ұсталғаны туралы ақпарат тарағаннан кейін сотқа дейінгі тергеу жүріп жатқанын растады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

Редакция шенеунікке қатысты қылмыстық істің бар-жоғын анықтау үшін ҰҚК-ге ресми сауал жолдады. Ведомство тергеу шаралары жүргізіліп жатқанын растады.

– Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті сіздердің сауалдарыңызды қарастырды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлаймыз, – делінген бөлім басшысы О. Бектенов қол қойған ресми жауапта.

Арнайы қызмет тергеу құпиясына сілтеме жасап, істің мән-жайын жарияламады.

Бұған дейін Telegram-арналар мен әлеуметтік желілерде Жаңаөзеннің бұрынғы әкімі Жансейіт Қайнарбаевтың алдын ала сөз байласқан адамдар тобымен бірге адам ұрлауға қатысы болуы мүмкін деген ақпарат тараған. Ол қызметінен босатылып, Қарақия ауданының әкімі болып тағайындалғанына бір ай да толмаған еді.

Тараған мәліметке сәйкес, Ақтауда бір адамды күштеп Lexus 600 көлігіне отырғызып, қала сыртына алып кетпек болған. Алайда оның қандай мақсатпен ұрланғаны әзірше белгісіз.

Қайнарбаевтың бұл іске қатысы бар-жоғы және қатысы болса, қандай рөл атқарғаны туралы ресми органдар түсінік берген жоқ.

Контекст

Еске салайық, 19 қазанда Жаңаөзенде жаппай ұстау шаралары жүргізілгені белгілі болды. Арнайы операция ҰҚК тарапынан мұнай сервистік Jana Oil Service компаниясына (бұрынғы «Кезби») және «Өзенмұнайгаз» АҚ-на қатысты жүргізілгені хабарланды.

Ақтаулық блогер Азамат Сәрсенбаевтың мәліметінше, іске қатысы бар адамдар «Өзенмұнайгаздан» қосымша қаржы алу үшін жұмысшыларды ереуілге шығуға итермелеуі мүмкін.

ҰҚК сотқа дейінгі тергеу жүріп жатқанын ресми түрде растағанымен, істің егжей-тегжейін жариялаудан бас тартты.