Щучинскіде қызды ұрып өлтірген ер адам 10 жылға сотталды

threads / 11.08.zhanzakova.23.01

Бурабай аудандық соты Щучинск тұрғыны Алмаз Мәдиевті 10 жылға бас бостандығынан айырды. Ол Әсем Шабельскаяны ұрып, ауыр жарақат салғаны үшін кінәлі деп танылды. Әйел алған жарақаттарынан көз жұмған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жайы

Мәдиев абайсызда адам өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіргені үшін сотталды. Сондай-ақ одан моральдық зиянды өтеу үшін 12 млн теңге, материалдық шығын мен өкілдің қызметіне жұмсалған қаражат үшін тағы 2 млн теңге өндірілді.

Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.

Оқиға қалай болды

Сот мәліметінше, Мәдиев пен Шабельская бірге жұмыс істеген және 2024 жылдан бастап кездескен. Олар қызғаныштың салдарынан жиі жанжалдасып, айырылысып, қайта қосылып жүрген.

2026 жылдың маусымында екеуі қарым-қатынастарын анықтау үшін Мәдиевтің пәтерінде кездесіп, ішімдік ішкен. Жанжал кезінде ер адам Шабельскаяның беті мен денесіне жұдырықпен бірнеше рет соққы жасаған.

Әйел есінен танып бара жатқанда, ер адам жедел жәрдем шақырған. Шабельская ауруханада есін жимастан қайтыс болды.

Сараптама қорытындысы бойынша, әйелдің бірнеше қабырғасы сынып, бауыры жыртылған. Ол ішкі қан кету салдарынан көз жұмған.

Марқұмның туыстары не деді

Қаза тапқан әйелдің әпкесі Threads желісінде Әсемнің ер адамның агрессиясына байланысты онымен қарым-қатынасын үзгенін, алайда Мәдиевтің оны тыныш қоймағанын жазған.

– Ол Әсемнің нөмірін бұғаттағаннан кейін әртүрлі нөмірден қоңырау шалатын, жұмысының алдынан күтіп алып, аңдып, мазасын алатын. Ақыры Әсем онымен кездесуге келісті. Ол қызды жалдамалы пәтерге апарып, түні бойы аяусыз ұрған, – деп жазды марқұмның әпкесі.

Оның айтуынша, Әсем есінен танып қалған кезде ер адам бірден жедел жәрдем шақырмай, әуелі қанды тазалауға кіріскен.

–  Дәрігерлерге Әсем батареяға соғылып қалғанын айтқан, – деді марқұмның әпкесі.

Полиция бұған дейін 2025 жылдың мамырында Шабельская мен Мәдиевке өзара жанжалға байланысты әкімшілік хаттамалар толтырылғанын хабарлаған. Алайда екеуі татуласқан соң сот істі тоқтатқан.