Ақтау тұрғыны Гүлімай Ізтілеуова Денсаулық сақтау министрлігінен облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында үш жасар ұлын қалай емдегенін тексеруді сұрайды. Бала бір ай комада жатып, қайтыс болған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Ананың айтуынша, бұған дейін хабарланғандай, бала уланбаған. Оның дене қызуы күрт көтерілген.
Ауруханада не болды
5 қыркүйекте таңғы сағат 9:00-де жедел жәрдем анасы мен баласын жұқпалы аурулар ауруханасына жеткізген. Ізтілеуованың айтуынша, кезекші дәрігер баланың тек дене қызуын өлшеумен шектелген.
– Дәрігер баланы тек менің айтқандарым бойынша қарап, дұрыс тексермеді. Ауруханаға жайдан-жай келмегенімізді айтқаннан кейін ғана палатаға жатқызды. Одан кейін баланы ешкім келіп қараған жоқ, – деді анасы.
Сағат 11:40 шамасында баланың денесі құрыса бастаған. Әйелдің сөзінше, дәрігер түске таман келіп, медбикелерге дәрі егуді тапсырған да, кетіп қалған.
– Сол екпеден кейін балам оянбады. Бір сағат, екі сағат, бес сағат өтті, бірақ ол әлі оянған жоқ, – дейді Ізтілеуова.
Баланың миына компьютерлік томография тек кешкі сағат 19:40 шамасында жасалған. Ананың айтуынша, ұлын екінші қабаттан бірінші қабатқа дейін өзі көтеріп түсірген.
– КТ жасаған ер адам менен: “Баланы бірден жансақтау бөліміне жатқызу керек деп айттым ғой, неге бірден жатқызбадыңыз?” деп сұрады, бірақ маған ешкім ештеңе айтқан жоқ, – деп еске алады ол.
Бала бір ай комада жатты
Томографиядан кейін баланы жансақтау бөліміне ауыстырған. Анасына ұлының басында гематома бар екенін айтқан.
Алғашқы екі күнде бала есін біліп, тамақ ішіп, сөйлескен. Үшінші күні комаға түскен. 30 күннен кейін қайтыс болған.
Ізтілеуованың айтуынша, отбасы Астана мен Ташкенттен мамандар шақыртуға өздері күш салған. Дәрігерлер туыстары президентке үндеу жазып, БАҚ-қа сұхбат бергеннен кейін ғана келген.
– Ташкенттен келген дәрігер баланы тым ұзақ ұстап қалғандарыңызды айтты. Оған дейін бас миының КТ қорытындысын бізге ешкім түсіндіріп бере алмады. Консилиум өткізу үшін бәрін өзіміз айқайлап жүріп жинадық, профессорлардың бәрін өзіміз шақырдық. Ал қазір аурухана барлық сұхбатында қолдан келгеннің бәрін жасағанын айтады, – деді анасы.
Сонымен қатар әйел ауруханадан берілген үзінді көшірмедегі мәліметтермен келіспейтінін және қымбат дәрілерді отбасы өз қаражатына сатып алғанын айтты.
– Денсаулық сақтау министрлігінен осы дәрігер мен бүкіл жұқпалы аурулар ауруханасының жұмысын бақылауға алуды сұраймын. Басқа балалар зардап шекпеуі үшін баламның ісін басынан аяғына дейін тергеуді өтінемін, – деді Ізтілеуова.
Контекст
Бұған дейін Маңғыстау облысында үйде ысталған балықтан уланып, тоғыз жасар бала қайтыс болған еді. Ол ботулизм диагнозымен екі аптадан астам уақыт жансақтау бөлімінде жатты. Сол кезде де марқұмның туыстары Ақтауға Астанадан дәрігерлер жіберуді сұраған.