Қызылордада инвестордың жұмысына заңсыз араласқан басқарма басшысына айыппұл салынды

ЖИ

Қызылордада инвестордың қызметіне заңсыз араласқан санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы мен бас маманы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардың әрқайсысына 432 500 теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жайы

Қала прокуратурасының мәліметінше, TEMA RETAILKZ ЖШС-не қатысты негізсіз жедел ден қою шарасы қолданылған.

Атап айтқанда, қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы бұл шараны прокуратурамен алдын ала келіспей қабылдаған. Тиісті шешім тек қабылданғаннан кейін ғана келісуге жіберілген.

Прокуратура тексеру жүргізіп, шешімнің негізсіз екенін анықтады. Осыған байланысты оны келісуден бас тартылды.

Заң бұзушылықтарды жою үшін қала прокуратурасы облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне прокурорлық қадағалау актісін енгізді. Нәтижесінде инвесторға қатысты заңсыз шараның күші жойылды.

Сонымен қатар кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласқаны үшін басқарма басшысы мен бас маманы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 173-бабының 1-бөлігі бойынша жауапқа тартылды.