Алматы соты бұрынғы полиция қызметкері Серік Накимовті азаматтық некедегі әйелін өлтіргені үшін 15 жылға бас бостандығынан айырды. Ол осыдан бір жарым жыл бұрын балалардың көзінше әйеліне 39 рет пышақ сұққан, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жайы
КТК телеарнасының мәліметінше, Накимов жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді. Сот оны аса қатыгездікпен кісі өлтіргені үшін кінәлі деп таныды. Сондай-ақ марқұмның отбасына моральдық зиянды өтеу үшін 10 млн теңге төлеуге міндеттелді.
Қайғылы оқиға былтыр мамырда болған. Тергеу нұсқасы бойынша, олар жанжалдасып қалған. Сол кезде Накимов азаматтық некедегі әйеліне бірнеше рет пышақ сұққан. Осыдан кейін ол өзіне қол жұмсамақ болғанымен, аман қалған. Олардың үш баласы бар.
Сот отырысында Накимов әйелін аффект жағдайында өлтіргенін, не істегенін тек ауруханада есін жиған кезде түсінгенін айтқан. Алайда сот оның бұл уәжіне сенбеді. Бұған полиция қызметкерлерінің айғақтары негіз болған.
Марқұмның туыстары не дейді?
Марқұмның туыстары өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын сұрағанымен, сот үкіміне көңілі толатынын жеткізді.
– Үкімге ризамын, бірақ өмір бойына соттауды сұраған едім. Аллаға шүкір, осыған да рақмет. Енді оны Алла жазаласын. Балалары аман-есен болсын, – деді марқұмның туысы.
Контекст
Еске салайық, бұған дейін бұрынғы әйелін жұмыс орнында әріптесінің көзінше өлтіріп кеткен атыраулық сотталғанын хабарлаған едік.