Журналист Талғат Алманов АҚШ-тағы кәсіби мансабында жаңа белеске көтеріліп, америкалық телеарналардың бірінде басшылық қызметке тағайындалды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Толығырақ
Талғат Алманов қуанышты жаңалығын өзі бөлісіп, Нью-Йорктегі танымал ABC 7 телеарнасының Буффалодағы бөлімшесінде жетекші репортер (аға тілші) қызметіне тағайындалғанын хабарлады.
Жаңа қызметінде Алманов жаңалықтар бөлімін үйлестіріп, журналистер мен продюсерлер командасымен тығыз жұмыс істейді.
Дәйексөз
– Жаңа қызметімде жаңалықтар бөлімінің жұмысын қадағалап, журналистер мен продюсерлермен тығыз жұмыс істеймін. Сонымен қатар, жаңалықтарымыздың мазмұнды, сапалы әрі көрерменге уақытылы жетуіне атсалысып қана қоймай, репортаждар әзірлеп, зерттеу журналистикасымен айналысуды жалғастырамын, – деді Алманов.
Анықтама
Буффалодағы ABC 7 (WKBW-TV) – АҚШ-тағы 7-арнада хабар тарататын, ABC ұлттық желісінің жергілікті филиалы саналатын телеарна.
Арна өңірдегі жергілікті жаңалықтарымен кеңінен танымал. Жаңалықтар Eyewitness News және 7 News брендімен шығады.
Телеарна журналистері Буффало, Эри округі, Ниагара-Фолс және Нью-Йорк штатының батысындағы оқиғаларды қамтиды.