"ҚазМұнайГаз" компаниясында қызметкерлерді ынталандырудың өзіндік тәртібі бар. Ұлттық компания басшысы Асхат Хасенов журналистерге қандай мерекелерде сыйақы берілетінін және қызметкерлерге неліктен кейбір үйреншікті төлемдер қарастырылмағанын түсіндірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Жаңа жыл корпоративсіз өтеді
Журналистер Асхат Хасеновтен компанияда Жаңа жыл қалай атап өтілетінін сұрады. Оның айтуынша, биыл ауқымды мерекелік шаралар ұйымдастырылмайды.
– Өздеріңіз білесіздер, «ҚазМұнайГаздың» жұмысын үнемі бақылап отырасыздар. Біз Жаңа жылды атап өтпейміз. Бірнеше жылдан бері бұл бойынша шектеулер бар, – деп жауап берді ол.
Жаңа жылға орай сыйақы да берілмейді. Компания басшысының түсіндіруінше, ҚМГ корпоративтік орталығында қызметкерлерге 13-айлық жалақы төлеу де қарастырылмаған.
Наурыз мерекесі компанияда аталып өтеді, бірақ мейрамханаларда емес. Қызметкерлер ғимарат ішінде жиналып, мерекелік шараларды сол жерде өткізеді.
Қандай мерекелерде сыйақы беріледі?
Журналистер қызметкерлерге қай мерекелерде сыйақы төленетінін сұрағанда, Асхат Хасенов алғашында тек Тәуелсіздік күнін атады. Екінші мерекені бірден есіне түсіре алмады.
– Наурызда сыйақы берілмейді. Бізде сыйақы Тәуелсіздік күніне орай төленеді. Бұл – нақты бір сыйақы. Екіншісін ұмытып тұрмын. Мұнайшылар күні және Тәуелсіздік күні, – деді ҚМГ басшысы журналистердің көмегінен кейін.