АҚШ президенті Дональд Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде үстіне VETO деген жазу жазылған қызыл кепкенің суретін жариялады. Ол осылайша Конгреске өткен аралық сайлау қорытындысына қатысты пікір білдірді. Сайлау нәтижесінде демократтар басымдыққа ие болып отыр. Трамп бұған дейін-ақ олардың заң жобаларына вето қоятынын мәлімдеген еді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Трамп бас киімнің суретін The New York Times газетіне сайлау нәтижесін қабылдайтынын айтқаннан кейін жариялады. 4 қараша күні таңертең ол Fox News эфиріне телефон арқылы қосылып, демократтарды жеңісімен құттықтады.
Make America Great Again («Американы қайтадан ұлы елге айналдырайық») деген жазуы бар қызыл кепке Трамптың алғашқы президенттік науқанынан бері оның басты символдарының біріне айналған. Ал жаңа кепкеде бір ғана сөз жазылған.
Сайлау учаскелері жабылмай тұрып-ақ, Трамп CBS News арнасына берген сұхбатында демократтар Конгресте басымдыққа ие болса, олардың заң жобаларына тосқауыл қоятынын ескерткен.
– Менің абсолютті билігім бар. Ол вето деп аталады, – деді Трамп.
Сондай-ақ ол «Мистер Вето» деген лақап атқа ие болуға дайын екенін айтты.
Трамп кімді кінәлады?
Дауыс беру аяқталғаннан кейін президент түні бойы әлеуметтік желіге жазба жариялап, сайлаудағы сәтсіздікке кінәлілерді іздеді.
– Мен сайлау бюллетенінде болған жоқпын. Егер болғанымда, біз басым дауыспен жеңер едік! – деп жазды Трамп.
Одан кейін ол сайлауда жеңілген Техас губернаторы Грегг Эбботты айыптады. Трамптың айтуынша, кейінгі жарты жылда Эбботт RINO-ға айналған. Бұл – республикашылдардың өз партияластарын сынау үшін қолданатын атауы. Олар бұл сөзбен өзін тек сөз жүзінде ғана республикашыл санайтын саясаткерлерді атайды.
– Ол бұрынғы әдетіне қайта басты, соңы жақсы болмады! – деп жазды Трамп.
Түн ортасына таман Fox News арнасы да президенттің сынына ұшырады. Трамп арнаның Нью-Йорктің бұрынғы мэрі, демократ Билл де Блазионы эфирге шақырғанына наразы болды.
– Fox News неге Нью-Йорк тарихындағы ең нашар мэр Билл де Блазионы эфирге шығарып, оның есі кеткен адамдай айқайлап, долданып жатқанын көрсетеді? Fox News оппозиция өкілдерін үнемі эфирге шақырғандықтан, бұл жеңілістерге жауапты, – деп жазды президент.
Сонымен қатар Трамп саяси шолушы болатынын және кандидаттардың неліктен жеңгенін немесе жеңілгенін түсіндіретінін мәлімдеді.
Контекст
Бұған дейін аралық сайлауда демократтардың жеңіске жетуге жақын қалғанын жазғанбыз. Алдын ала мәлімет бойынша, олар Сенатта басымдыққа ие болып, Өкілдер палатасында да көпшілік орын алуға жақын.
Демократ Рой Купер Солтүстік Каролина штатынан Сенаттағы орынды республикашылдардан тартып алды. Ал Огайо штатында Шеррод Браун қазіргі республикашыл сенатор Джон Хастедті жеңді.