Алматы маңында зооқорғаушыны өлтірді деген күдікті қамауға алынды

Ulysmedia коллажы

Алматы облысының полициясы Владимир Тепляковты өлтірді деген күдікпен адамды ұстады. Тепляков "Твардовский дом" иесіз жануарларға арналған панажайдың негізін қалаған. Сот күдіктіні қамауға алды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Бұл туралы редакцияға Алматы облысының полиция департаменті мәлімдеді. Ұсталған адам уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оның кім екені және қандай себеппен күдікке ілінгені тергеу құпиясына байланысты жарияланбайды.

Тепляковтың өліміне қатысты қылмыстық іс 7 қазанда тіркелді.

Контекст

Бұған дейін Тепляковтың «Твардовский дом» панажайын 2015 жылы асырап алған ұлы Ілиястың құрметіне құрғанын жазған едік. Ілияс жануарларға көмектесетін үлкен орталық ашуды армандаған, бірақ ерте қайтыс болған.

Панажайда соққыға жығылған, көлік қағып кеткен, әлсіреген немесе ауру иттер болған.

Тепляков қайтыс болғаннан кейін Алматы маңындағы далада 90-ға жуық ит қалды. «ДОС» панажайының жетекшісі Рамзан Бацалов әкімдіктермен бірлесіп, оларды басқа панажайлар мен жеке үйлерге орналастыра бастады.