Әлемдік нарықта мұнай бағасы күрт төмендегеніне қарамастан, Қазақстанда доллар арзандап жатыр. Сарапшылар теңгенің өз позициясын сақтап қалуына қандай факторлар әсер еткенін және сыртқы нарықтағы жағдай ұлттық валютаға неліктен кедергі болмағанын түсіндірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz хабарлады.
Теңге позициясын сақтап қалды
Сәрсенбідегі сауда қорытындысы бойынша Қазақстан қор биржасында доллар 43 тиын арзандап, 452,72 теңгеге түсті. Сауда-саттық көлемі 61 млн доллар қысқарып, 285,1 млн доллар болды.
Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының сарапшылары теңгенің нығаюына негізінен ішкі факторлар әсер еткенін айтады.
– Ұлттық валютаға бұрын қалыптасқан шетел валютасына деген сұраныстың өтелуі, Ұлттық банк операциялары аясында шетел валютасын сату, сондай-ақ экспорттаушылар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің валюталық түсімдерін айырбастауы қолдау көрсеткен болуы мүмкін, – делінген Қаржыгерлер қауымдастығының шолуында.
Мұнай бағасының құлдырауы кедергі болмады
Бір күнде әлемдік нарықта мұнай бағасы 8,7% төмендеді. Бұған АҚШ-тағы аралық сайлау нәтижелері әсер етті. Сайлау қорытындысы бойынша демократтар Конгрестің қос палатасында да басымдыққа ие болды.
Енді олардың Дональд Трамптың шешімдеріне ықпал ету, соның ішінде Иранмен соғысқа бөлінетін қаржыны шектеу мүмкіндігі артады.
Инвесторлар мұнай бағасының бұған дейін өсуіне себеп болған қақтығыстың аяқталу ықтималдығын бағалай бастады.