Польша мен Беларусь арасындағы жанжал Қазақстанның жүк тасымалдаушыларына да кесірін тигізді. Мәжілістің бұрынғы депутаты Болатбек Әлиев жаңа вице-премьер, көлік министрі Әсел Жанасовадан бұл мәселеге араласуды сұрады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Әлиевтің айтуынша, Польша мен Беларусь жүк тасымалдаушыларды шекарадағы терминалдарда тіркемелерін ауыстыруға мәжбүрлеп отыр, яғни қазақстандық жүк көлігі шекарадан өз тіркемесімен өте алмайды, оны әрі қарай басқа жүк көлігі сүйреп әкетеді. Соның салдарынан қазақстандық тасымалдаушылардың Еуропаға тікелей қатынауы іс жүзінде тоқтаған.
Польшаға жауап
Әлиев Қазақстан өзге елдердің жанжалынан зардап шегіп отырғанын айтады. Оның үстіне Көлік министрлігі шетелдік тасымалдаушыларға берілген жеңілдіктердің мерзімін ұзартып келеді.
Бұрынғы депутат Польшаға қойылған шектеулерді алып тастау жөнінде талап қоюды ұсынады. Егер бұл нәтиже бермесе, жүк жеткізудің Қазақстан аумағындағы бөлігін отандық компанияларға беру қажет деп есептейді.
Әлиевтің Facebook-тегі жазбасына қарағанда, келесі аптада бұл мәселені Сауда және интеграция, Қаржы және Көлік министрліктері талқылайды.
Шетелдіктерге ақылы жолдар
Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен кездесуде Әлиев тағы бір мәселені көтерді. Оның сөзінше, шетелдік тасымалдаушылар Қазақстан жолдарын бюджет пен халықаралық банктердің несиесі есебінен салынғанына қарамастан, іс жүзінде тегін пайдаланып жүр.
– Шетелдіктер біздің елде 25 мың шақырым жолдың тек 6 мың шақырымында ғана ақы төлейді. Ресейде “Платон” жүйесі 12 тоннадан ауыр жүк көліктеріне арналған 60 мың шақырымнан астам федералдық тасжолды қамтиды. Халықаралық дәліздер Қазақстанға Суэц каналы сияқты табыс әкелуі керек. Шетелдіктер үшін арзан транзит жолы болмауға тиіс, – деп жазды Әлиев.
Ол сондай-ақ экологияға зияны көп жүк көліктерінен жоғары ақы алуды ұсынды. Қазір «Еуро-0» және «Еуро-2» экологиялық санатындағы шетелдік жүк көліктері «Еуро-5» пен «Еуро-6» талаптарына сай заманауи көліктермен бірдей ақы төлейді.
– Қаншалықты көп ластасаң, соншалықты көп төлейсің, – дейді Әлиев.
Оның айтуынша, Жұманғарин негізгі ұсыныстарды қолдаған. Алайда жаңа ережелер қарапайым отбасылық көліктерге әсер етпеуі керек екенін ескерткен. Әңгіме коммерциялық тасымал мен транзит туралы болып отыр.
Контекст
Еске салайық, 15 қарашадан бастап Қандыағаш – Мақат тасжолы жеңіл көліктер үшін де ақылы болады. Жолдың бүкіл учаскесінен өту құны 239–276 теңге, ал 15 тоннадан ауыр жүк көліктері үшін 13–15,6 мың теңге аралығында белгіленген.