Алматыда 14 жастағы жасөспірім емханада антибиотик егілгеннен кейін көз жұмды

Pixabay

Алматыда емханада антибиотик егілгеннен кейін жағдайы күрт нашарлаған 14 жастағы баланың өліміне қатысты тергеу жүріп жатыр. Жасөспірім шұғыл түрде ауруханаға жеткізіліп, бір апта бойы өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Алайда дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады. Ата-анасы ұлына медициналық көмектің қаншалық дұрыс көрсетілгенін анықтауды талап етіп отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz тілшісі.

Оқиғаның мән-жайы

«7 арнаның» мәліметінше, 14 жастағы Максимнің денсаулығы тамызда сыр бере бастаған. Баланың лимфа түйіндері ұлғайып, дәрігерлер оған антибиотиктер мен басқа да дәрі-дәрмектер тағайындаған. Алайда екі рет ем қабылдағанына қарамастан, денсаулығы жақсармаған.

21 қазанда ата-анасы ұлын Алматыдағы №37 қалалық емханаға алып барған. Жасөспірімнің анасы Мария Кубареваның айтуынша, инфекционист дәрігер жаңа антибиотик тағайындап, алдымен баланың осы дәріге ағзасы қалай әсер ететінін тексеру қажет екенін айтқан.

Алайда антибиотик бұлшықетке егілгеннен кейін Максимнің жағдайы күрт нашарлаған.

Бала екпеден кейін өзін жайсыз сезінген

Жасөспірімнің анасы дәрі егілгеннен кейін көп ұзамай ұлының жүрегі айнып, бүкіл денесі қатты ауыра бастағанын айтты.

«Ұлым өзін нашар сезініп тұрғанын, бүкіл денесін шаншып ауыртып жатқанын айтты. Жағдайы аяқ астынан нашарлағаны сонша, оны өзім көтеріп, әрең алып жүрдім», – деп еске алды әйел.

Анасының сөзінше, медицина қызметкері балаға тағы бір дәрі егіп, көмек көрсетуге тырысқан. Оның болжамынша, бұл шокқа қарсы қолданылатын препарат болған. Алайда Максимнің жағдайы одан әрі нашарлай берген.

«Оның денесі құрыса бастады. Кейін есінен танып қалды. Мен оны жай ғана ес-түссіз жатыр деп ойладым. Сол кезде медицина қызметкерлері абыржып, жан-жаққа жүгіріп, көмек көрсететін дәрігерлерді іздей бастады», – дейді анасы.

Максим шұғыл түрде Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығына жеткізіліп, өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Алайда бір аптадан кейін жасөспірім көз жұмды.

Ата-анасы оқиғаның мән-жайын анықтауды талап етеді

Ұлынан айырылған отбасы полицияға арыз түсірген. Ата-анасы Максимге антибиотиктің қанша мөлшерде егілгенін, емшараның дұрыс жүргізілген-жүргізілмегенін және баланың жағдайы күрт нашарлаған кезде дәрігерлердің қаншалық жедел әрекет еткенін білгісі келеді.

Алматы қаласының денсаулық сақтау басқармасы оқиғаға қатысты толық пікір тексеру аяқталғаннан кейін берілетінін мәлімдеді.

Полиция не дейді?

Алматы қаласының полиция департаменті бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын растады.

«Бұл дерек бойынша Алматы қаласы полициясының тергеу басқармасы қылмыстық іс қозғады. Барлық қажет сараптамалар тағайындалды. Олардың қорытындысы бойынша қылмыстық іс аясында тиісті процестік шешім қабылданады», – деді ведомствоның ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Енді тергеу барысында жасөспірімнің өліміне нақты не себеп болғаны және оған медициналық көмек көрсету кезінде қандай да бір заңбұзушылыққа жол берілген-берілмегені анықталуға тиіс.