АҚШ президенті Дональд Трамп өзінің көп жылдан бергі кеңесшісі Стивен Миллерді Ақ үй аппаратының жаңа басшысы етіп тағайындады. Бұл кадрлық өзгеріс республикашылдар Конгрестегі басымдығынан айырылған аралық сайлаудан кейін жасалды. Миллердің тағайындалуы Трамптың бұрынғы саясатын жұмсартуға ниетті емес екенін аңғартуы мүмкін, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
41 жастағы Стивен Миллер дүйсенбі, 9 қарашадан бастап Сьюзи Уайлстың орнына келеді. Бұған дейін ол Уайлстың орынбасары болып жұмыс істеп, президенттің ең ықпалды кеңесшілерінің бірі саналған.
Трамп Миллерді «ең сенімді кеңесшілерінің бірі» деп атап, Уайлсқа атқарған жұмысы үшін алғыс білдірді.
Reuters агенттігінің Ақ үйдегі дереккөздерінің айтуынша, бұл тағайындау Трамптың партиясы сайлауда жеңілгеніне қарамастан, бұрынғы саяси бағытынан бас тартпайтынын көрсетеді.
«Ол өз бағытын өзгертпейді», – деді шенеуніктердің бірі.
Ақ үй аппаратының жаңа басшысы Трамптың көші-қон саясатын қатаңдатуды барынша қолдайтын тұлғалардың бірі саналады.
Заңсыз жүрген мигранттарды жаппай ұстау науқанын белсенді түрде ілгерілеткен де осы Миллер. Ол күніне үш мыңға дейін адамды қамауға алуды көздеген. Бұл шаралар аясында АҚШ-та ондаған жыл бойы өмір сүрген, бұрын сотталмаған адамдар да ұсталған.
Reuters/Ipsos агенттігінің жуырдағы сауалнамасына сәйкес, америкалықтардың 36%-ы Трамп әкімшілігінің көші-қон саясатын қолдаса, 54%-ы оған қарсы.
Миллер мемлекеттік аппаратты қысқарту, ондаған мың федералдық қызметкерді жұмыстан босату және биліктің университеттермен текетіресіне қатысты бастамаларға да қатысқан.
Сыртқы саясатта ол есірткі тасымалдады деген күдікке ілінген кемелерге қарсы АҚШ-тың әскери операцияларын, Иранға жасалған соққылар мен Тегеранға қарсы санкцияларды қолдаған.
Сайлаудан кейін Трамп Конгрестің екі палатасында да басымдыққа ие болған демократтармен жұмыс істеуге мәжбүр болады.
Демократтар қазірдің өзінде президент әкімшілігінің кейбір әрекеттерін, соның ішінде көші-қон саясатына қатысты шешімдерін тексеруге ниетті екенін мәлімдеді.
Өкілдер палатасының болашақ спикері Хаким Джеффрис Миллерді «ойланбай әрекет ететін экстремист» деп атады.
Ал конгрессмен Роберт Гарсия демократтардың Ақ үй аппараты жаңа басшысының иммиграция саласындағы шешімдерін мұқият зерделейтінін ескертті.
«Стивен Миллерге адвокат жалдайтын кез келді», – деді ол.
Сарапшылардың пікірінше, Миллердің тағайындалуы Ақ үй мен Конгресс арасындағы қарым-қатынасты күрделендіріп, республикашылдар мен демократтардың ортақ мәмілеге келу мүмкіндігін азайтуы ықтимал.
69 жастағы Сьюзи Уайлс бейсенбі күні отставкаға кету туралы өтініш берген. Енді ол Трамптың саяси командасында жұмысын жалғастырады.
Уайлс АҚШ тарихында Ақ үй аппаратын басқарған алғашқы әйел атанды. Ол президент әкімшілігінің жұмысын бір жүйеге келтіре алған басшы ретінде бағаланған. Дегенмен Трамптың саяси шешімдеріне сирек қарсы шыққан.
Енді оның орнын қатаң ұстанымымен және президентке адалдығымен танылған Стивен Миллер басады.
Еске салайық, 3 қарашада өткен аралық сайлауда республикашылдар Конгрестің екі палатасындағы да басымдығынан айырылған.