Вашингтонда Ақ үй маңында АҚШ президенті Дональд Трампты өлтіремін деп қорқытқан ер адам ұсталды. Америка билігінің мәліметінше, оның көлігінен қару, екі тапанша және оқ-дәрілер табылған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Fox News басылымының жазуынша, оқиға 5 қарашада кешке АҚШ президентінің резиденциясына жақын орналасқан Конститьюшн-авеню көшесінде болған.
АҚШ Құпия қызметінің мамандары тұрақта тұрған көліктегі күдік тудырған ер адамды байқап, оны тексермек болған.
Құқық қорғау қызметкерлерімен сөйлесу кезінде ер адам Вашингтонға Трампты өлтіру үшін келгенін күтпеген жерден мәлімдеген.
АҚШ Ішкі қауіпсіздік министрлігінің мәліметінше, ұсталған ер адам мұндай әрекетке баруды оған «басындағы дауыстар» бұйырғанын айтқан.
Тексеру барысында ер адам мінген көліктің ұрланғаны анықталған.
Көлікті тінту кезінде полицейлер AR-15 үлгісіндегі винтовка, екі тапанша және бірнеше ондаған оқ-дәрі тапқан.
Америка билігінің мәліметінше, ұсталған адам Венесуэла азаматы болып шыққан. Ол АҚШ аумағына заңсыз кірген.
Ер адам қамауға алынды. Оған заңсыз қару сақтау және көлік ұрлау бойынша айып тағылды.
Қазір құқық қорғау органдары оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр. Сондай-ақ, күдіктінің АҚШ президентіне қатысты айтқан қоқан-лоққысының қаншалықты шынайы болғаны тексеріліп жатыр.