Туск Краковтағы алты адамның өмірін қиған атысты террорлық акт деп атады

Reuters

Польшаның премьер-министрі Дональд Туск Краков қаласының орталығында болған атысты террорлық акт деп атады. Қайғылы оқиғадан алты адам қаза тауып, тағы 15 адам жарақат алды. Кейін күдіктінің үйінен тағы үш адамның мәйіті табылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Оқиғаның мән-жайы

Қайғылы оқиға 7 қарашада Краковтың тарихи орталығындағы Базар алаңында болған.

Польша билігінің мәліметінше, ер адам көліктің ішінен өтіп бара жатқан адамдарға оқ жаудырған.

Қаза тапқандардың арасында кемінде үш Польша азаматы мен Ұлыбритания азаматы бар. Ал жарақат алғандардың қатарында Германия, Аустрия, Португалия, Ұлыбритания және Ресей азаматтары болған.

Күдікті ұсталған кезде жарақат алған. Қазір ол ауыр халде ауруханада жатыр. Полиция оның көлігінен қару-жарақ пен оқ-дәрілер тапқан.

Күдіктінің үйінен тағы үш адамның мәйіті табылды

Құқық қорғау органдары күдіктінің үйін тінту кезінде екі әйел мен бір ер адамның мәйітін анықтаған.

Алдын ала мәлімет бойынша, марқұмдар күдіктінің жақын туыстары болуы мүмкін.

Дональд Туск полиция мен арнайы қызмет өкілдері шабуылдың себебін анықтап жатқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, құзырлы органдар қылмыстың барлық мән-жайын барынша қысқа мерзімде анықтауға күш салады.

Күдікті туралы не белгілі?

Польшаның Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, күдікті – 24 жастағы ел азаматы. Алдын ала деректерге сүйенсек, ол әсіре оңшыл көзқарасты ұстанған.

Шабуыл кезінде ер адам әскери үлгідегі киім киген. Алайда министрлік оның әскер қатарында қызмет етпегенін нақтылады.

Onet басылымының хабарлауынша, күдіктінің аты-жөні – Михал О. Оның атына атыс қаруының екі түрін ұстауға рұқсат берілген.

Ер адам 52 жастағы әкесінің атына тіркелген Subaru көлігімен жүрген. Журналистердің мәліметінше, әкесінің меншігінде 11 атыс қаруы бар.

Бұған дейін әкесі де, ұлы да сотты болмаған.