Шіркеуде қазақ тілінде дұға оқыған дін қызметкері қызу талқыға түсті

Павлодар облысында православ шіркеуінің дін қызметкері Інжілден үзіндіні қазақ тілінде оқыды. Әлеуметтік желіде тараған видео жұрт арасында қызу пікірталас тудырды. Бірі дін қызметшісінің бастамасын қолдаса, енді бірі сынға алды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Оқиғаның мән-жайы

Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбада Ертіс ауылындағы Александр Невский шіркеуінің діни қызметшісі Андрей Андреевтің Інжілден үзіндіні қазақ тілінде оқығаны көрсетілген.

Бұл бейнежазба желі қолданушылары арасында түрлі пікір туғызды. Сынға ұшыраған Андрей Андреев православ шіркеуінде дұғаны қазақ тілінде оқудың еш әбестігі жоқ екенін айтып, өз ұстанымын түсіндірді.

Оның сөзінше, Қазақстанда орыс тілін білмейтін, бірақ христиан дінін ұстанып, шіркеуге барғысы келетін азаматтар да бар.

Дін қызметшісі сынға қалай жауап берді?

Андрей Андреев Інжілді мемлекеттік тілде оқығанына кейбір адамдардың наразылық білдіргеніне таңғалды.

«Бұл сіздерді неге соншалық мазалайды? Біз шіркеуде заңға қайшы келетін бірдеңе жасап жатырмыз ба?» – деп сұрады ол өзін сынағандардан.

Дін қызметшісі орыс тілін білмеу адамның шіркеуге келуіне және діни сенімін ұстануына кедергі болмауы керек екенін атап өтті.

«Қазақстанда орыс тілін білмесе де, христиан дінін ұстанып, өзгелер сияқты шіркеу қауымының толыққанды мүшесі болғысы келетін адамдар бар. Сонда біз адамды шіркеуге қабылдамас бұрын оған орыс тілін үйретуіміз керек пе? Бұл ақылға сыймайтын нәрсе ғой», – деді Андрей Андреев.

Сізге қызық болуы мүмкін