Газа секторында нөсер жаңбыр салдарынан соғыс кезінде баспанасынан айырылған палестиналықтар тұрып жатқан шатырлы лагерьлерді су басты. Су шатырлардың ішіне кіріп, кейбір уақытша баспаналарды ағызып әкеткен. Құтқарушыларға көмек сұрап 1500-ден аса адам хабарласқан, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
6 қараша кешке Газа секторында нөсер жаңбыр жауып, қатты жел соққан. Таңға қарай өңірдің әр бөлігін су баса бастаған.
«Анадолу» агенттігінің мәліметінше, әсіресе Газа қаласының порты маңындағы, Дейр-әл-Балах, Нусейрат, Джабалия және Бейт-Лахия аудандарындағы шатырлы лагерьлер қатты зардап шеккен.
Тасқын су баспанасынан айырылып, шатырларды паналап жүрген отбасылардың уақытша тұрақтарын басып қалған. Онсыз да ауыр жағдайда өмір сүріп жатқан тұрғындар енді табиғаттың тосын мінезінен тағы бір қиындыққа тап болды.
Газа азаматтық қорғаныс басқармасының хабарлауынша, нөсерден уақытша баспаналары бүлінген тұрғындардан 1500-ден астам көмек сұраған хабарлама түскен.
Қатты жел соғыс кезінде зақымданған ғимараттардың құлауына да себеп болған.
Нусейрат лагерінде құтқарушылар жартылай қираған үш қабатты үйден адамдарды сыртқа шығарып үлгерген. Бұл оқиғадан ешкім зардап шекпеген.
Алайда Газа секторының өзге аудандарында бұрын зақымданған екі ғимараттың қабырғалары құлап, төрт адам жарақат алған.
Азаматтық қорғаныс қызметінің мәліметінше, нөсердің салдарын жоюға қолда бар мүмкіндік жеткіліксіз.
Газаға суды сорып шығаратын құрылғылар, құрылыс техникалары, жанармай мен гуманитарлық көмек жүктерін шұғыл жеткізу қажет.
Әсіресе балалардың, қарттар мен науқастардың жағдайы алаңдатып отыр. Тозығы жеткен шатырлар оларды жаңбырдан, желден және суықтан толық қорғай алмайды.
Бұған қираған инфрақұрылым мен уақытша баспана тұрғызуға қажетті құрылыс материалдарын кіргізуге қойылған шектеулер де қосымша қиындық туғызып отыр.
БҰҰ-ның Гуманитарлық мәселелерді үйлестіру басқармасының мәліметінше, шамамен 950 мың палестиналық су басу қаупі орташа немесе жоғары аймақтарда өмір сүріп жатыр.
Олардың 400 мыңнан астамы су тасқыны қаупі аса жоғары аумақтарда тұрады.
Бұған дейін БҰҰ-ның Палестиналық босқындарға көмек және жұмыс ұйымдастыру агенттігі (БАПОР) Газа тұрғындарының 94 пайызы, яғни екі миллионға жуық адам уақытша баспана мен ең қажетті тұрмыстық заттарға мұқтаж екенін хабарлаған.
Қысқа дайындалу үшін шамамен 294 мың отбасыға көмек қажет. Алайда қазіргі қор тек 52 мың отбасының қажеттілігін ішінара өтеуге жетеді.
Құқық қорғаушылардың есебінше, баспанасынан айырылған палестиналықтарды орналастыру үшін шұғыл түрде 200 мыңға жуық шатыр мен бір миллион су өткізбейтін жабын қажет.
2025 жылдың қазанында атысты тоқтату туралы келісім жасалғанына қарамастан, Газа секторындағы баспана мәселесі әлі шешілген жоқ.
Тұрғын үйлердің басым бөлігі қираған, ал жеткізіліп жатқан гуманитарлық көмек халықты қауіпсіз баспанамен қамтамасыз етуге жеткіліксіз болып отыр.