Қатерлі ісікпен күресудің тың жолы: АҚШ-тағы қазақстандық ғалым иммун жасушаларын өзгерту әдісін түсіндірді

Ulysmedia.kz коллажы

Иммун жасушаларын қатерлі ісікті өздігінен анықтап, жоятындай етіп өзгертуге бола ма? Бүгінде әлем ғалымдары биоинженерия саласындағы осы бағытты зерттеп жатыр. Солардың қатарында қазақстандық Ақсана Досова да бар. Ulysmedia.kz АҚШ-тың Атланта қаласындағы Эмори университетінің зертханасына барып, оның ғылыми жұмысымен танысты. Жас зерттеуші заманауи технологиялар қатерлі ісікті емдеудің жаңа тәсілдерін табуға қалай көмектесетінін айтып берді.

Қатерлі ісік күйзелістен пайда бола ма?

Ақсана Досова биоинженерия бағыты бойынша PhD докторантурасында білім алып жүр. Бұл сала биология мен инженерлік технологияларды ұштастыра отырып, адам денсаулығын жақсарту және өмірін ұзарту жолдарын зерттейді.

Эмори университетінің зертханасында Ақсана тілшілерге өзі жұмыс істейтін иммун жасушаларын көрсетті.

«Біз иммун жасушаларын арнайы әдістермен өзгертеміз. Адам ағзасында табиғи иммун жасушалар бар. Алайда қатерлі ісік кезінде олар кейде ісік жасушаларын танып, жоя алмай қалады. Сондықтан ғалымдар Т-жасушаларды қатерлі ісік жасушаларын анықтап, жоятындай етіп өзгертетін технологиялар әзірледі», – деп түсіндірді Ақсана.

Адам ағзасын күн сайын түрлі аурудан қорғайтын иммун жүйесі неге кейде қатерлі ісікке қарсы тұра алмайды?

Зерттеушінің айтуынша, қатерлі ісік жасушалары уақыт өте келе ағзаның қорғаныс жүйесіне бейімделіп, оның бақылауынан тыс қалуы мүмкін.

«Қатерлі ісікті күйзеліспен байланыстыратын түсінік бар. Жалпы, адам ағзасында өмір бойы қатерлі өзгерістерге ұшыраған жасушалар пайда болуы мүмкін. Әдетте иммун жүйесі оларды дер кезінде танып, жойып отырады. Бірақ кейде ісік жасушалары қарқынды көбейіп, қорғаныс жүйесіне бейімделе бастайды. Өйткені олар да тіршілігін сақтап қалуға тырысады. Сөйтіп, иммун жүйесінің бақылауынан сытылып шығудың жолын табады», – деді ол.

«Біз әлі білмейтін нәрсе көп»

Ақсана докторантурада үшінші жыл оқып жүр. Ал онкология саласындағы ғылыми зерттеулермен айналысқанына бес жылға жуықтаған.

Жас ғалымды бұл салаға қызықтырған нәрсе ғылыми жаңалықтарды медицинада қолдану мүмкіндігі ғана емес. Ол адам ағзасының әлі толық зерттелмеген құпияларын ашуға да ерекше қызығушылық танытады.

«Маған бұл жұмыс ұнайды. Ең алдымен, оның маңызы зор болғандықтан қызық. Жалпы, адам ағзасының қалай жұмыс істейтінін зерттеудің өзі ерекше. Біз әлі білмейтін нәрсе өте көп», – дейді Ақсана.

Ол үшін зертханадағы жұмыс – қазіргі ғылым толық түсіндіріп бере алмайтын күрделі құбылыстардың сырын ашуға мүмкіндік.

Неге озық медициналық технологиялар бәріне бірдей қолжетімді емес?

Сұхбат барысында Ақсанадан болашақта Қазақстанға оралып, еңбек ету ойында бар-жоғын сұрадық. Ол елге қайтуы мүмкін екенін, алайда басты мақсаты – заманауи ғылыми жетістіктерді көпшілікке қолжетімді ету екенін айтты.

«Қазақстанға оралып, еліме, халқыма пайдамды тигізгім келеді. Жаңа мүмкіндіктер ашып, осы саланың дамуына үлес қоссам деймін. Өйткені бізде мұндағыдай технологиялар жоқ. Олар қымбат болғандықтан қолжетімсіз. Оның үстіне, осы бағытта маман даярлайтын адамдар да жетіспейді. Мен осы саланы дамытқым келеді», – деді Ақсана Досова.

Қазір қазақстандық зерттеуші Атлантада білім алып, ғылыми жұмысын жалғастырып жатыр.

Оның әңгімесі биоинженерия саласының жетістіктерін ғана емес, көптеген елге ортақ өзекті мәселені де көрсетеді. Бүгінде медицинада тың жаңалықтар ашылып, озық технологиялар жасалып жатқанымен, оларды тәжірибеге енгізу үшін қомақты қаржы, заманауи құрал-жабдықтар мен білікті мамандар қажет.

Сізге қызық болуы мүмкін