Украина келіссөз алдында Ресейдегі ірі мұнай өңдеу зауыттарының біріне соққы жасады

Ulysmedia коллажы

9 қарашаға қараған түні Украина ұшқышсыз ұшақтары Ленинград облысындағы Кириши мұнай өңдеу зауытына (КИНЕФ) шабуыл жасады. Зауыт аумағында өрт шықты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

Astra басылымы өрт туралы куәгерлерге сілтеме жасап жазды. Кириши қаласының тұрғындары жарылыстардың қатты естілгенін және әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері жұмыс істегенін айтқан.

Ленинград облысының губернаторы Александр Дрозденко дрондардың нысанаға тигенін растағанымен, зауыттың атауын атамады.

– Кириши қаласының өнеркәсіптік аймағында ұшқышсыз ұшақтардың соққы жасағаны расталды. Сынықтардың бірі тұрғын үйлердің біріндегі пәтерге түсті. Ол жерден бір отбасы эвакуацияланды, – деді губернатор.

Украина әзірше шабуылға қатысты ресми түсініктеме берген жоқ.

Еске салайық, Ресей, Украина және АҚШ арасындағы келіссөздердің келесі кезеңі алдын ала 10 қарашада Абу-Дабиде өтеді деп жоспарланған.

КИНЕФ қандай зауыт?

Кириши мұнай өңдеу зауыты «Сургутнефтегаз» компаниясына тиесілі. Ол Санкт-Петербургтен шамамен 100 шақырым жерде орналасқан. КИНЕФ – Ресейдегі ірі мұнай өңдеу кәсіпорындарының бірі. Елдегі мұнай өңдеу көлемінің шамамен 7 пайызы осы зауытқа тиесілі.

Кәсіпорын Ресейдің солтүстік-батыс өңірлерін жанармаймен қамтамасыз етеді. Соның ішінде Пулково әуежайына авиациялық керосин жеткізеді. Зауыт АҚШ, Еуропалық одақ және Ұлыбритания санкцияларына іліккен.

Кириши мұнай өңдеу зауытына бұған дейін де шабуыл жасалған. 2026 жылғы тамыз айының соңындағы соққыдан кейін кәсіпорын мұнай өңдеуді толық тоқтатқан.

Контекст

Еске салайық, қазан айының соңында The Wall Street Journal басылымы Украина Дональд Трамп әкімшілігінің қысымынан кейін Ресейдің мұнай өңдеу зауыттарына шабуыл жасауды уақытша тоқтатқанын хабарлаған еді. Газет дерегінше, бұл үзіліс қараша айының соңына дейін созылуы мүмкін. Украина президенті Владимир Зеленский бұл ақпаратты көпшілік алдында жоққа шығарды.

Сізге қызық болуы мүмкін