Мәскеуден Алматыға ұшқан SCAT ұшағы Астанаға шұғыл қонды

facebook / scat.airlines

9 қарашада Мәскеуден Алматыға бағыт алған SCAT әуе компаниясының ұшағы Астана әуежайына шұғыл қонуға мәжбүр болды. Жолаушылар ұшақ қонғаннан кейін бірнеше сағат бойы оларға су мен тамақ берілмегеніне, сондай-ақ не болып жатқанын ешкім түсіндірмегеніне шағымданды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

Оқиға туралы жолаушылардың бірі Threads желісінде жазды.

– Бұл штаттан тыс жағдай екенін түсінемін. Ұшақтағы барлығымыздың зәреміз ұшқаны да рас. Алайда неге жолаушыларға тіпті су да ұсынбадыңыздар? Біз шу шығарып, наразылық білдіргенге дейін қорқып, абдырап қалған жолаушыларды аяқтарынан тік тұрғызып, сусыз, тамақсыз және ең бастысы, ешқандай ақпарат бермей ұстадыңыздар, – деп жазды ол.

Оның айтуынша, әуе компаниясының алдағы әрекеттері туралы жолаушылар шамамен төрт сағат бойы ақпарат күткен. Басқа жолаушылар да SCAT қызметкерлері тамақтың қашан берілетінін және ұшақтың сапарын қашан жалғастыратынын айта алмағанын жеткізді.

SCAT не деп жауап берді?

Әуе компаниясы жазбаға қалдырған пікірінде ұшақтың шұғыл қонғанын растады.

– Барлық жолаушыны сумен қамтамасыз ету үшін алдымен оны әуежайға жеткізуді ұйымдастыру қажет болды. Сондықтан бұл біраз уақыт алды, – деп түсіндірді SCAT өкілдері.

Әуе компаниясы жолаушылардан қолайсыздық үшін кешірім сұрады. Алайда ұшақтың не себепті шұғыл қонғанын түсіндірмеді.

Бұған дейін

Еске салайық, мамыр айында Алматы облысында Ан-2 жеңіл ұшағы апатты жағдайда қонған еді. Ұшақ аэродромнан алыс жерде, бұталардың арасына қонған. Көлік министрлігі бұл оқиғаны адам шығыны болмаған авиациялық оқиға деп танып, тергеу бастаған.

Сізге қызық болуы мүмкін