Азиядада алтынынан айырылған Ясмина Тоқсанбаеваға пәтер сыйға берілді

Қазақстан жеңіл атлетика федерациясы

2026 жылғы Азия ойындарында спорттық аяқкиіміне байланысты алтын медалінен айырылған жеңіл атлет Ясмина Тоқсанбаеваға бір бөлмелі пәтер сыйға берілді. Пәтердің кілтін оған Қазақстан жеңіл атлетика федерациясы табыстады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Толығырақ

Азия ойындары мен Азия пара ойындарының өзге жүлдегерлері және олардың жаттықтырушыларына ақшалай сертификаттар берілді.

– Федерация үшін Ясмина Тоқсанбаева – Азия ойындарының нағыз чемпионы әрі еліміздің мақтанышы. Бұл пәтер оған Олимпиада ойындарына дайындалуға ынта-жігер береді, – делінген федерация хабарламасында.

Спортшы әлеуметтік желіде қолдау білдірген барша жанға алғыс айтты.

– Сезімімді сөзбен жеткізуге сөзім де, эмоциям да жетпейді. Өз елім мен федерациямның мойындауына ие болғаныма шексіз қуаныштымын! Бұл маған алға ұмтылып, дамуға күш береді, – деп жазды Тоқсанбаева.

Сондай-ақ 9 қарашада оған «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік медалі табысталды.

Федерация спортшыны жарыстан шеттету туралы шешімге Спорттық арбитраж сотында (CAS) шағым түсіруді жалғастыратынын мәлімдеді. Сондай-ақ қандай шешім шықса да, оған чемпионға тиесілі сыйақыны төлейтінін жеткізді.

Контекст

Еске салайық, 27 қыркүйекте Тоқсанбаева Жапонияда өткен Азия ойындарында спорттық жүрістен марафон қашықтығында мәреге бірінші болып жетті. Ол 42,195 шақырымды 3 сағат 22 минут 20 секундта жүріп өтіп, ең жақын қарсыласынан төрт минутқа жуық озып кетті.

Бұл Қазақстан әйелдер құрамасы үшін Азия ойындарындағы спорттық жүрістен алғашқы алтын медаль болуы мүмкін еді. Алайда жарыстан кейін төрешілер спортшының аяқкиімі World Athletics мақұлдаған модельдер тізіміне кірмейтінін анықтады. Нәтижесінде оның көрсеткіші жойылып, алтын медаль Қытай өкілі Данцзин Цюйцзунға берілді.

Блогер Сүлеймен Көшкімбаев спортшының табанының қалыңдығы рұқсат етілген 40 миллиметрден асатын Asics Magic Speed 4 аяқкиімімен жарысқа қатысқанын түсіндірді. Федерация өкілдері аяқкиімді жарыс басталғанға дейін тексергенін мәлімдеді.

Ұлттық Олимпиада комитеті апелляция дайындаған. Сонымен бірге ҰОК World Athletics аяқкиімге қатысты жаңа талаптарды барлық федерацияға көктемде-ақ жолдағанын еске салды.

Сізге қызық болуы мүмкін