Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен каратэші Софья Берульцева мемлекеттік наградаға ие болды.
Спортшы Жапонияда өткен XX жазғы Азия ойындарында алтын медаль жеңіп алып, Азиаданың екі дүркін чемпионы атанды. Ол бұған дейін Токио Олимпиадасында қола жүлдеге қол жеткізген.
«Бұл жетістіктің артында үлкен еңбек пен тер жатыр. Мен 6 жасымнан спортпен айналысамын. 20 жыл ішінде қаншама жарақат, қаншама жаттығу болды. Қазір елімізде жаңа спорт базалары салынып жатыр. Президентпен кездесу біз үшін ерекше маңызды», - дейді Софья Берульцева.
Софья Берульцева 2000 жылғы 6 қарашада Шымкентте дүниеге келген. Оның каратэге келуіне мектептегі балалардың спорттық киімі қызығушылық тудырған.
Болашақ чемпион мектепке алғаш барған кезде каратэ үйірмесіне қатысатын балаларды көріп, олардың кимоносына қызыққан. Содан өзі де осы спорт түрімен айналысуға шешім қабылдайды. Тіпті бес жас тоғыз айында жаттықтырушыға барып, секцияға қабылдауды сұраған. Алайда бапкер алты жасқа толған соң келуін өтініпті. Анасы қызының талабын қолдап, белгіленген уақытта каратэ үйірмесіне берген.
Оның алғашқы бапкері Бяшир Әликов болды. Софья алғашқы жылдары халықаралық рейтингте 120-130-орындарда тұрған. Бірақ тынымсыз жаттығудың арқасында небәрі екі жылда алтыншы орынға көтерілген.
Жас спортшының алғашқы ірі жеңістері де көп күттірмеді. 2016 жылы Джакартада өткен жастар арасындағы Азия чемпионатында алтын медаль иеленді. Бір жылдан кейін Астанада өткен құрлықтық біріншілікте тағы да топ жарды. Ал 2017 жылы Испанияның Тенерифе аралында ұйымдастырылған жастар арасындағы әлем чемпионатында жеңімпаз атанды. Осылайша, Софья жасөспірім шағында-ақ халықаралық аренада Қазақстанның атын шығара бастаған.
Жастар арасындағы жетістіктерден кейін Софья ересектер бәсекесіне ауысты. Алайда бұл кезеңде жеңістермен қатар, сәтсіздіктер де кездесті. 2018 жылы Мадридте өткен әлем чемпионатында алғашқы айналымнан аса алмады. 2019 жылы Ташкентте ұйымдастырылған Азия чемпионатында күміс жүлдеге ие болды.
2021 жылы Токио Олимпиадасына қатысу үшін іріктеу кезеңдерінен өтуге тырысты. Бірақ қажетті ұпай жинай алмай, лицензияны бірден иелене алмады. Кейін Парижде өткен іріктеу турнирінде де жолы болмады.
Бұл сәт спортшы үшін ауыр соққы болды. Берульцева кейінгі сұхбаттарының бірінде тіпті каратэдегі мансабын аяқтау туралы ойлағанын айтқан. Әлеуметтік желідегі парақшасында «Арманның соңы» деген жазба да қалдырған.
Дегенмен көп ұзамай оған Азия құрлығындағы нәтижесіне байланысты Олимпиадаға қатысуға мүмкіндік беретін арнайы лицензия берілді. Осылайша, Софьяның Токио Олимпиадасына қатысу арманы орындалды.
2021 жылғы 7 тамызда Софья Берульцева Токио Олимпиадасында әйелдер арасындағы кумитэ бәсекесінде 61 келіден жоғары салмақ дәрежесінде өнер көрсетті.
Топтық кезеңде италиялық Сильвия Семераро мен әзербайжандық Ирина Зарецкаяны жеңіп, түркиялық Мелтем Ходжаоғлымен тең түсті. Бұл нәтиже оны жартылай финалға шығарды.
Шешуші кезеңде мысырлық Ферьял Абдельазизден 4:5 есебімен жеңілгенімен, қазақстандық спортшы Олимпиаданың қола жүлдесін иеленді. Бұл медаль Софьяның мансабындағы ғана емес, Қазақстан каратэсі үшін де маңызды жетістіктердің бірі болды. Спортшы жүлдесін ұлттық құраманың сол кездегі бас бапкері, өмірден өткен Жасталап Санауовқа арнады.
Олимпиададан кейін Берульцева халықаралық жарыстардағы қарқынын бәсеңдеткен жоқ. 2021 жылы Дубайда өткен әлем чемпионатында қола медаль алды. Сол жылы Ислам ынтымақтастығы ойындарында топ жарды. Ал 2022 жылы АҚШ-та өткен Дүниежүзілік ойындарда алтын жүлдеге қол жеткізді.
2023 жылы Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен Азия ойындары Софьяның спорттық жолындағы тағы бір маңызды белес болды.
Ол әйелдер арасындағы 68 келіден жоғары салмақта өнер көрсетіп, финалда непалдық Арика Гурунгті жеңді. Осылайша, Азия ойындарының алтынын алғаш рет мойнына тақты. Бұл жеңіс оның құрлықтағы үздік каратэшілердің бірі екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
2025 жылы Мысыр астанасы Каирде өткен әлем чемпионатында күміс медаль иеленді. Бұл нәтиже де оның халықаралық аренадағы орнын нығайта түсті.
2026 жыл Софья Берульцева үшін тағы бір табысты маусымға айналды. Ол Karate 1 Premier League халықаралық турнирінің Ыстанбұл, Рим және Қытайдың Лэшань қаласында өткен кезеңдерінде қатарынан алтын медаль жеңіп алды.
Үш кезеңдегі жеңісі оған маусым қорытындысы бойынша Grand Winner атағын алуға мүмкіндік берді. Бұл марапат спортшының жекелеген жарыстардағы нәтижесін ғана емес, бүкіл маусым бойындағы тұрақты өнерін бағалайды.
Ал қыркүйекте Жапонияның Аити-Нагоя қаласында өткен Азия ойындарында тағы да чемпион атанды. Финалда қарсыласын жеңіп, 68 келіден жоғары салмақта алтын медаль иеленді.
Осылайша, Софья Берульцева Азия ойындарының екі дүркін чемпионы атанды.